Алматыда Бұқар Жырау көшесінің бір бөлігі жазға дейін жабылады

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жылу желілерін қалпына келтіру жұмысы кезінде Бұқар Жырау көшесінде қозғалыс ішінара жабылады. 

«Алматы жылу жүйесі» кәсіпорнының мәліметінше, Бұқар Жырау бульварында 1983 жылы пайдалануға берілген құбыр қайта жаңартылады. Жалпы ұзындығы 1,3 шақырым болатын жылу трассасы 200-ден астам қалалық нысанды жылумен қамтамасыз етеді. 

– Жоспарлы жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2025 жылдың 23 сәуір мен 10 маусым аралығында Бұқар Жырау бульвары бойынша Сергей Марков көшесінен Римский-Корсаков көшесіне дейін оңтүстік жағынан автокөлік қозғалысы ішінара жабылады. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды және аталған учаскені айналып өту үшін алдын ала балама маршруттарды қарастыруды сұраймыз, - делінген хабарламада.

Биыл қала бойынша 35 км жылу желілерін қайта жаңарту жоспарда тұр. Бұл тозу деңгейін 54%-ға дейін төмендетеді. 

Осыған дейін 21 сәуір мен 6 мамыр аралығында Алматы қаласының сегіз ауданының аумағында жылу желілеріне гидравликалық сынақ жүргізілетіні туралы жазғанбыз.