11 қарашада Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы ынтымақтастыққа байланысты қоғамда резонанс тудырған сот процесі аяқталды.
Іс бойынша бұрынғы вице-министрлер мен топ-менеджерлерді қоса алғанда, бес адам айыпталды. Сот олардың барлығын бірнеше бап бойынша кінәлі деп таныды. Алайда кейбір айыптар бойынша ақтау үкімін шығарып, қылмыстық іс аясында миллиардтаған теңге көлеміндегі залалды өндіріп алудан бас тартты.
Пара және сыбайластық бойынша 7 жыл 6 айға сотталды
Соның ішінде ең қатаң жаза 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру болды. Бұл жаза Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы басшысы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болған Дәулет Арғандықов пен Бірінші кредиттік бюроның бұрынғы бас директоры Руслан Омаровқа тағайындалды.
Дәулет Арғандықов Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп танылды. Атап айтқанда, ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны үшін (361-баптың 4-бөлігі 3-тармағы) 4 жылға, ауырлататын мән-жайлар кезінде зиянды компьютерлік бағдарламаларды жасағаны немесе пайдаланғаны үшін (210-баптың 2-бөлігі 1, 2, 3-тармақтары) 4 жылға және ауырлататын мән-жайлар кезінде пара бергені үшін (367-баптың 3-бөлігі 1, 2-тармақтары) 7 жылға сотталды.
Ал Руслан Омаров пара бергені үшін (ҚК 367-бабының 3-бөлігі 1, 2-тармақтары) 7 жылға, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалануға көмектескені үшін (ҚК 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағы және 28-баптың 5-бөлігі) 3 жыл 6 айға, сондай-ақ зиянды компьютерлік бағдарламаларды пайдалануға көмектескені үшін (ҚК 210-бабының 2-бөлігі 1, 2, 3-тармақтары және 28-баптың 5-бөлігі) 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот екеуіне де мемлекеттік қызметте және бірқатар ұйымдарда, соның ішінде квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салды.
Төрт жылға сотталды, бірақ бір айып бойынша ақталды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұрынғы орынбасары, Арғандықовтан кейін Еңбек ресурстарын дамыту орталығын басқарған Ақмәди Сарбасов 4 жылға сотталды. Оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Сот оны пара алғаны үшін (ҚК 366-бабының 2-бөлігі) кінәлі деп таныды.
Алайда лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланды деген айып бойынша (ҚК 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағы) ақтау үкімін шығарды. Судьяның түсіндіруінше, Сарбасов орталықты небәрі екі жарым ай басқарған, даулы қосымша келісімге қол қоймаған және пайыздық арақатынасты теңестіру үшін өзі шаралар қабылдаған.
- Ол «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті қызметіне тағайындалғаннан кейін пайыздық арақатынасты теңестіру үшін шаралар қабылдаған. Қосымша келісімге ол қол қойған жоқ. Ол бар болғаны 2,5 ай жұмыс істеді. Сондықтан сот оның кінәсі дәлелденбеді деп есептейді, – деп түсіндірді судья.
Сол үшін Дәулет Арғандықов пен Руслан Омаровқа да Сарбасовқа лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануға көмектесті деген айып та тағылмайтын болды.
Іс бойынша тағы екі фигурант – Еңбек ресурстарын дамыту орталығы департаментінің бұрынғы директоры Тәуке Болатбаев пен орталық қызметкері Ақжол Дошимов зиянды компьютерлік бағдарламаларды жасағаны, пайдаланғаны немесе таратқаны үшін (ҚК 210-бабының 2-бөлігі 1, 2, 3-тармақтары) кінәлі деп танылды.
Бастапқыда сот олардың әрқайсысына 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық қолданылып, жаза үштен бірге қысқартылды. Нәтижесінде екеуі де 2 жылға сотталды.
Сонымен қатар оларға бір жыл бойы ақпараттық жүйелерге, телекоммуникация желілеріне және бағдарламалық өнімдерге байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Үкім шыққанға дейін Болатбаев пен Дошимов ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген. Үкім жарияланғаннан кейін екеуі де сот залында қамауға алынды.
Сотталған бес адам да жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейді. Үкім заңды күшіне енгенге дейін тергеу изоляторында өткізген әрбір күні бас бостандығынан айырудың бір жарым күні ретінде есептеледі.
75 мың доллар тәркіленіп, 2 миллиард теңгеден астам залал өндірілмейтін болды
Үкімде заттай дәлелдемелер мен тергеу мәлімдеген залалдың тағдыры да жеке қарастырылды. Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің депозиттік шотында сақталған 75 мың доллар мемлекет кірісіне тәркіленетін болды.
Судья іс материалдарында көрсетілген пара сомасына қатысты да түсініктеме берді.
- Арғандықов пен Омаров 75 мың доллар пара бергені үшін кінәлі деп танылды. Сондықтан параның жалпы сомасы 75 мың доллар болып есептеледі, ал Сарбасов алған сома – 8 мың доллар, – деді судья.
Ал тергеу нұсқасы бойынша Еңбек ресурстарын дамыту орталығына келтірілген 2 миллиард теңгеден астам залалды сот қылмыстық іс аясында өндіріп алудан бас тартты.
- Екі миллиард теңгеден астам сома – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның алынбай қалған пайдасы, яғни жіберіп алған пайдасы. Ал мұндай залал қылмыстық сот ісін жүргізу аясында қарастырылмайды, – деп атап өтті судья.
Жәбірленуші тараптың өкіліне бұл соманы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен өндіріп алуға құқығы бар екені түсіндірілді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, Алматыда басқармалардың экс-басшыларына екінші рет сот үкімі шыққан еді.