Алматыда бұзылатын алты базардың орнына не салынады

Фото: Фото: Александр Павский/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 59 базар бар. Оның 41-і жаңартылды. Қалған базарлар модернизациялаудан қашан өтеді, меншік иелеріне қойылған талап қандай, мемлекетке қайтарылатын базарлардың жер теліміне не салынады? Бұл сауалдарға Kazinform агенттігінің тілшісі жауап іздеп көрді.

Мегаполистегі базарларды модернизациялаудың бірқатар нақты шарттары бар. Атап айтар болсақ, обьктілердің барлығы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуы керек. Сондай-ақ көлік тұрағымен қамтамасыз етіліп, онлайн төлем жүргізу мүмкіндігі болуы тиіс.

Базарларды жаңғырту

Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы ұсынған дерекке сәйкес, Алматыда 59 базар бар. Қазір 41 базар толығымен жаңартылды.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

— 2024 жылға арналған Жол картасы бойынша Сауран, Үш-Қоңыр, Жұлдыз, Тигрохауд, Кенжехан-1, Кенжехан-2 базарында жаңғырту жұмыстары аяқталды. Сауран және Жұлдыз базарлары былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілді. Қалған төрт базар бойынша пайдалануға беру актісі тіркелу сатысында, — деп жауап берді басқарма өкілдері Kazinform агенттігі жолдаған сауалға.

Жоғарыда аталған базар иелеріне қала құрылысын бақылау басқармасы осы жылдың ақпан айының соңына дейін құрылыс жұмыстарын толық аяқтау туралы хабарлама жолдаған.

Әр кәсіпкер жеке инвестиция құяды

Жаңғырту жобасын жүзеге асыру мақсатында 2025 жылдың соңына дейін Батыр, Саудакент, Арлан, Сары-Арқа, Арыстан, Азия, Таусамалы, Береке, Тұлпар сияқты 9 базарды жаңарту жоспарда.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Қазір 6 базар бойынша, яғни Арыстан, Арлан, Батыр, Береке, Саудакент, Таусамалына рұқсат беру құжаттарын бекіту және жаңғыртуға меншік иелерінің қаржы ресурстарын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр,— деп атап өтті басқармадан.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Базарлардың барлығы жекеменшік болғандықтан, жаңғыртуға қаржыны әр кәсіпкер өзі құяды.

Фото: Александр Павский/ Kazinform
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Алты базардың жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады

Алматыда 2025 жылы 5 базардың жер телімдері коммуналдық меншікке алынады. Бахар, Алтай, Үміт базары – қоғамдық көлік аялдамалары үшін қажет. Рахат – абаттандыруға, Барлық – метро станциясының құрылысына керек.

Бұдан бөлек, Алатау ауданындағы «Ақ Орда» базары бұзылып, орнына 2000 орындық жайлы мектеп салынады.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Бес базарда (Ақ-Бұлақ, Барыс) жаңғырту жұмыстары жоспарланбаған. Иелері жер телімдерін сатып, әрі қарай нысаналы мақсатын өзгертуді жоспарлап отыр. «Жібек жолы» және «Нұрсәт» мамандандырылған базар болғандықтан, жаңғыртуға жатпайды,— деп түсіндірді ведомстводан.

Жаңғыру жұмыстары жүргізілмеген базар иелері жауапқа тартылады

ҚР Сауда және интеграция министрлігінен мәлім еткендей, Алматыда 2025 жылдың соңына дейін жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген базарлардың иелері жауапкершілікке тартылады.

— ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 204-2 бабына сәйкес 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңғыртудан өтпеген базар иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады, — деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Сатып алушылар үшін қолайлы орта құру

— Базарларды жаңғырту – бұл тек қана бизнес өкілдеріне жағдай жасау емес, сатып алушылар үшін қолайлы орта құру. Өйткені бұл шара – таза, заманауи әрі қауіпсіз орында сауда жасауға мүмкіндік береді. Сауда заңнамасына сай базарлар санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай, онлайн төлем қабылдау мүмкіндігі бар және базар алаңында көлік тұрағымен қамтылған болуы керек,— деп атап өтті министрліктен.

Осыған дейін Алматыда ірі сауда базарлары жаңартылатыны туралы жазғанбыз.

Еске салайық, бұған дейін «Алтын Орда», «Барлық» базарлары өзгертілетіні туралы жазған едік. 

2030 жылға қарай Алматы қаласының полиорталықтарының құрылымы толық қалыптасады. Соның аясында бар нысандарды қайта форматтау көзделген.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Алтын Орда» сауда базарын көтерме-тарату орталығы етіп қайта құру, «Барлық» базарының орнына «Батыс» автовокзалын, LRT станциясын және метрополитенді қамтитын ірі мультимодальдық көлік-ауысып отыру торабын құру жоспарланған.

Айта кетейік, 2022 жылы Алматыдағы «Барыс-4» ірі сауда базары мемлекет меншігіне қайтарылды.