Алматыда чемпиондардың қатысуымен өткен халықаралық жарыс аяқталды

Фото: ҚР дзюдо федерациясы

Алматыда тұңғыш рет дзюдодан ерлер арасында халықаралық командалық «Jenys Cup» турнирі өтті, деп хабарлайды Kazіnform.

ҚР Дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қазақстандық «Jenys» дзюдо клубы байрақты доданың қол жүлдесін жеңіп алды. Аталған клуб спортшылары “Lokomotiv Green Hill” клубымен кездесті.

Еліміз намысын қорғаған Кубанычбек Айбекуулы (-66кг), Асқар Нарқұлов (-73кг), Жансай Смағұлов (-73кг), Тато Григалашвили (-81кг), Ерлан Шеров (-90кг) пен Саба Инанешвили (+90кг) азулы қарсыластарын 3:0 есебімен таза жеңіп шықты.

Бұл кезеңге дейін «Jenys» клубы «Spanish Judo Car-Madrid», «Stayki» және «Genco» клубтарының спортшыларын ұтып шыққан болатын.

Жарыс нәтижесінде финалда белдескен «Shevardeni» клубы чемпион атанса, «Hoji Sharif» күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал «Jenys» және «Edelweiss» клубтары үшінші орынды бөлісті.

Сонымен қатар ұйымдастырушылар шешімімен жарыс барысында үздік болып танылған спортшыларға арнайы жүлделер табысталды.

Осылайша, «Үздік дзюдошы» номинациясы бойынша үздік техника үшін Тато Григалашвили дзюдо жанашыры Бекет Махмұтовтың құрметіне арналған жүлде және 10 мың доллар сыйақымен марапатталды.

«Үздік әдіс» номинациясында Қайрат Мұқановтың құрметіне арналған жүлде Коте Капанадзеге бұйырса, «Жеңіске деген ынтасы үшін» номинациясында Қанат Байшулақовтың құрметіне арналған жүлдемен Жансай Смағұлов, Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметовтың жүлдесімен Кубанычбек Айбекуулы, әлем чемпионы Максим Раковтың жүлдесімен Дастан Жұмажанов марапатталып, әрқайсысына 5 мың АҚШ доллары сыйақысы тағайындалды.

Елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған жарыстың ашылу салтанатына Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев пен Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі Алмаз Әлсенов қатысты.

Естеріңізге сала кетсек, «Jenys Cup» турнирінің жалпы жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайды: 1-орын – 30 мың доллар, 2-орын – 20 мың доллар, 3-орын – әр командаға 10 мың доллардан.