Алматыда дабыл жүйесі іске қосылады

Фото: Фото: gov.kz

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 30 сәуір күні сағат 11:00–де сирена дыбыстары іске қосылады. 

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мәлім еткендей, жалпы қалалық жоспарлы сейсмикалық жаттығу өткізіледі. 28 сәуірден бастап теле-радиоарналарда алдағы жоспарлы жаттығу туралы бейнероликтер мен сабыр сақтауға шақыратын хабарламалар көрсетіліп жатыр.

Сейсмикалық жаттығу өтетін күні сағат 11:00–де қалалық хабарлау жүйесі іске қосылады: сиреналық-дауыс хабарлау құрылғылары, теле-радиоарналарды автоматты түрде тоқтатып, шұғыл ақпарат беру, мобильді қосымшалар арқылы хабарламалар жіберу жоспарланған.

Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қала қонақтарын сабыр сақтауға шақырды.

— Дыбыстық сигналды естіген кезде дереу теледидар мен радиоқабылдағышты қосып, интернет-ресурстар мен мобильді қосымшалар арқылы ресми ақпарат алып, одан әрі әрекет ету бойынша нұсқаулармен танысу қажет. Сейсмикалық жаттығу басталғанға дейін дабыл шабаданын дайындаңыз, қауіпсіз жерге апаратын ең қысқа жолды анықтаңыз. Естеріңізге сала кетейік, қауіпсіз орын — бұл электр желілерінен, ағаштардан және ғимараттардан алыс орналасқан ашық алаң, —делінген хабарламада.

Еске салайық, Алматыда 384 азаматтарды қабылдау пункті жұмыс істеп тұр.