Алматыда дәрігерлер бесінші қабаттан құлаған 4 жасар баланы аман алып қалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қалалық Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері тұрғын үйдің бесінші қабатынан құлап, ауыр жарақат алған төрт жастағы балаға күрделі нейрохирургиялық ота жасап, аман алып қалды.

Фото: Алматы денсаулық сақтау басқармасы

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала аурухананың қабылдау бөліміне ауыр жағдайда жеткізілген. Тексеру барысында дәрігерлер көптеген жарақаттарды, соның ішінде жұлынға қысым түсірген бірінші бел омыртқасының сынуын анықтаған.

Баланың жағдайын ескерген мамандар емдеуді екі кезеңмен жүргізу туралы шешім қабылдады. Алдымен нейрохирургтер омыртқа өзегіндегі қысымды азайту отасын жасап, кейін бел омыртқасын арнайы бекіту жүйесі арқылы тұрақтандырды.

Фото: Алматы денсаулық сақтау басқармасы

Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында дәрігерлер баланың қозғалу және сезіну қабілетін сақтап қалды.

— Біз баланың қозғалысын қалпына келтірдік. Оңалту курсынан кейін ол өздігінен жүре алады, — деді Күрделі отаны нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Айдын Нүсіпқожаев.

Қазіргі уақытта кішкентай науқастың жағдайы едәуір жақсарған. Стационарлық ем аяқталғаннан кейін ол үйіне шығарылып, амбулаториялық бақылау мен оңалту емін жалғастырады.

Еске салайық, бұған дейін Астанада жыл басынан бері 7 бала терезеден құлап, мерт болғанын хабарлаған едік.