Алматының Медеу ауданында орналасқан, бірақ облыстық білім басқармасына қарасты И.Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатында 170 баланың ауыр жағдайда өмір сүріп жатқанын Балалар омбудсмені Динара Зәкиева жыл басында айтты.
Кейін оқу ордасы Қонаевқа көшірілмек болды. Алайда ата-аналар мен оқушылар қарсылығынан кейін интернатта қайтадан жөндеу жұмыстары жанданатын болды.
Мектептің қазіргі жай-күйін және мұндағы балалардың жаңа оқу жылында білімін қайда жалғастыратынын анықтау үшін жауапты ведомствоға сауал жолдадық.
Алматы облысы білім басқармасының жауабына сәйкес, қазіргі уақытта мектеп-интернаттың жатын корпусында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалау-сметалық құжаттама негізінде күрделі жөндеу жұмыстарына 979,7 млн теңге бөлінген. Мердігер - «РДМ строй» ЖШС.
- Жөндеу жұмыстары келісімшартқа сәйкес 2025 жылдың 28 желтоқсанында аяқталуы тиіс, - делінген басқарма жауабында.
Қазіргі уақытта И.Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатында 174 оқушы және 50 мұғалім, 25 қызметкер бар. Ведомство тәлімгерлер жөндеу жұмыстары кезінде өз оқу ғимаратында білім алуды жалғастыратынын мәлімдеді.
- Басқа мекемеге уақытша ауыстыруға мектеп әкімшілігі, ата-аналар қарсылық білдіруіне байланысты ауыстырылған жоқ, - деп түсіндірді ведомство.
Үш жыл бұрын жөндеу жұмыстары неліктен аяқталмады
Облыстық білім басқармасы И.Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатының күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат 2022 жылы бөлінгенін атап өтті. Мемлекеттік сатып алу конкурсымен күрделі жөндеу жұмыстарын «Градстройсервис» ЖШС жеңіп алып, Қарасай аудандық білім бөлімімен келісімшарт жасасқан. Сол жылы жұмыстардың 50 пайызын орындаған.
- Келісімшартқа сәйкес 2023 жылдың 22 қаңтарында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуы қажет болған. Алайда мердігер өз міндеттерін уақтылы орындамады. Қарасай аудандық білім бөлімі сотқа шағым беріп, 2024 жылғы 27 наурызда сот шешімімен мердігерді жосықсыз қатысушы тізіміне енгізді. Күрделі жөндеу жұмыстарының қолданылмаған қаражаты 2023-2024 жылдары мемлекеттік бюджетке кері қайтарылды, - деп хабарлады басқармадан.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда орналасқан облыстық Балалар үйі Қонаев қаласына көшірілмек болды. Алайда мекеменің тәрбиеленушілері оған наразылық білдірді.
Президент тапсырмасымен «Бағанашыл» балалар үйі Алматыдан Қонаевқа көшірілмейтін болды. Онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мекеме Алматы қаласына беріледі.