Алматыда қаланың дизайн-кодына сай келмейтін жарнамалар алынып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қала келбетін дизайн-код бойынша ретке келтіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. 

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі атап өткендей, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының қызметкерлері аудан әкімдігінің өкілдерімен бірлесіп жергілікті жерлердегі коммерциялық нысандардың меншік иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

«Бүгін Алмалы ауданының сауда үйлерінің бірінің кәсіпкерлерімен кездестік, оларға бұрын заңсыз жарнаманы алып тастау туралы хабарлама берілген болатын. Кейбірі мұны өздері жасады, ал енді біріне жаңа нормаларды қосымша түсіндіру қажет болды. Жалпы, біз бизнес өкілдеріне 900-ге жуық хабарлама бердік, яғни бүкіл қаланың сыртқы келбетін жақсарту жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастырамыз», - деді басқарма басшысы Нұрлан Боранбаев.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматының дизайн-коды 2023 жылдың 29 желтоқсанда қабылданып, осы жылдың наурыз айында күшіне енді. Оның 7 бағытының бірі әр түрлі ақпарат құралдарын безендіруге және толтыруға, сондай-ақ олар орналасқан объектілерді безендіруге қойылатын талаптарды анықтайды.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасына сәйкес дизайн-код кезең-кезеңімен енгізіледі. Қолданыстағы нысандарға кәсіпкерлерді дизайн-код қағидаттарын өз еркімен және белсенді түрде енгізуге ынталандыру үшін кешенді тәсіл қарастырылған. Жаңа нысандар үшін ұсыныстар мен талаптардың толық көлемі қолданылады.