Алматыда дрифт жасаған тағы бір жүргізуші жазаланды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда дрифт жасаған кезекті жүргізушінің көлігі айыппұл тұрағына қойылды.

Фото: Алматы облысының Полиция департаменті

Алматыдағы сауда орталығының автотұрағында жүргізуші жол ережесін өрескел бұзып, дрифт жасаған. Қалалық полиция департаменті құқық бұзушы жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Жетісу аудандық полиция қызметкерлері 28 жастағы қала тұрғынын ұстаған.

— Жүргізушіге жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Көлігі арнайы айып тұрағына қойылды. Ортақ пайдаланылатын жолдарда, автотұрақтарда және қоғамдық орындарда дрифт жасау — айналадағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді, — деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда түнгі уақытта дрифт жасаған BMW автокөлігінің жүргізушісі жазаланды.