Алматыда екі айда 6 мыңнан астам самокат жүргізушісіне айыппұл салынды

Алматыда қыркүйек айынан бері жол ережесін бұзған 6 мыңнан астам электрлі самокат жүргізушісі жауапқа тартылды. Бұл туралы қалалық полиция басқармасының ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: pixabay

«30 тамыздан бастап Қазақстанда «Жол жүрісі туралы» заңдағы электр самокат міну ережелерін қарастыратын түзетулер күшіне енді. Бастапқы кезеңде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Содан кейін ҚР ӘҚБтК-нің 593, 622-баптарына сәйкес шара қолданыла бастады. Бүгінгі таңда самокат жүргізушілерінің қатысуымен 6 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі анықталды. Олардың барлығына айыппұл салынды», – дейді Салтанат Әзірбек.

Заңда көрсетілгендей, ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 километрден аспайтын көлік құралы «электр самокат» деп танылады. Олардың қозғалысы үшін де тиісті орындар айқындалады.

Сондай-ақ олардың жүргізушілеріне тиісті шектеулер қойылады.

Шарттар мен ережелерді сақтай отырып:
- электр самокаттардың жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шетімен қозғалуына рұқсат етіледі;
- жүргізуші 18 жасқа толған болуы тиіс;
- көлік құралын басқаруға құқық беретін кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы шарт;
- шлем кию міндетті.
- қараңғы уақытта қозғалу кезінде басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуі үшін жарық түсіретін белгілер орнатылуы қажет.
- тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүру шарт;