Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы бойынша экология департаментінің басшысы Дінмұхамед Лесбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, есепті кезеңде мемлекеттік экологиялық инспекторлар 125 тексеру жүргізген. Нәтижесінде экологиялық заңнаманың 58 бұзушылығы анықталып, оларды жою жөнінде 28 нұсқама берілді. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 165 хаттама толтырылып, олардың негізінде 162 әкімшілік айыппұл салынған.
— Департаменттің негізгі міндеті — құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту ғана емес, сонымен қатар экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу. Мемлекеттік экологиялық бақылау заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, табиғат қорғау заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Дінмұхамед Лесбеков.
Сонымен қатар жекелеген заң бұзушылықтар бойынша сот шешімімен қосымша айыппұлдар тағайындалып, бір кәсіпорынның қызметі алты ай мерзімге тоқтатылды.
Баспасөз мәслихатында заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстары да сөз болды. Алты ай ішінде жедел штаб 13 заңсыз қоқыс үйіндісін анықтап, оның төртеуі жойылған. Қалған нысандар бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін ақпарат аудан әкімдіктеріне жолданған.
Еске салайық, бұған дейін Есентай өзенінен мұнай өнімдерінің артық мөлшері анықталғанын хабарлағанбыз.