Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, 4 қазаннан бастап көлік құралдарын коммуналдық арнайы тұрақтарға эвакуациялау үшін төлемнің бірыңғай тәртібі қолданылады. Төлем мөлшері 18 қыркүйекте Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында бекітілді.
Эвакуация құны көліктің барлық санаты үшін 3 АЕК, яғни 12 975 теңге болады. Жеңіл автокөлікті арнайы тұрақта сақтау құны алғашқы тәулікке 2,5 АЕК (10 812,5 теңге), кейінгі әр тәулікке 5 АЕК (21 625 теңге) мөлшерінде белгіленді.
Көлік иелеріне құқық бұзушылықтарды жойып, автокөліктерін 3 қазанға дейін арнайы тұрақтан алып кету ұсынылады.
Айта кетейік, бұл өзгеріс барлық эвакуация жағдайына қатысты емес. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген жағдайда ұсталып, арнайы тұраққа жеткізілген көлік құралдарына ғана қолданылады.
Еске салайық, Алматыда автотұрақ тарифі өзгеретіні айтылды.