Алматыда енді дрондар қоқыс тастап, түкірген тұрғындарға ескерту жасайды

Фото: Алматы қаласы полициясы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда құқық бұзудың алдын алу жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу жалғасып жатыр. Енді дрондар тек құқық бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, нақты уақыт режимінде тұрғындарға заң талаптарын сақтау қажет екенін ескертіп отырады. 

Полицияның мәліметінше, ұшқышсыз ұшу аппараттары жарық дабыл элементтерімен және профилактикалық хабарламалар тарататын дауыс зорайтқыш құрылғылармен жабдықталған.

Олар қоғамдық кеңістіктерді, жаяу жүргіншілер аймақтарын, аулаларды және адам көп шоғырланатын орындарды патрульдейді.

Қоқыс тастау, қоғамдық орында түкіру, ұсақ бұзақылық жасау немесе жолды белгіленбеген жерден кесіп өту сияқты құқық бұзу анықталған жағдайда, азаматтарға дереу дауыстық ескерту жасалады. Құрылғылар жазалаушы емес, алдын алу құралы ретінде жұмыс істейді.

Алматы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев жобаның басты мақсаты құқық бұзушылықтарды тіркеу емес, олардың алдын алу екенін атап өтті.

— Біздің міндетіміз — құқық бұзушылықтарды тіркеу ғана емес, ең алдымен олардың алдын алу. Дауыс зорайтқышпен жабдықталған дрондар құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге және азаматтарға тәртіп ережелерін бірден еске салуға мүмкіндік береді. Бұл — қоғамдық тәртіп мәдениетін қалыптастыратын заманауи профилактикалық құрал, — деді ол.

Полиция өкілдерінің айтуынша, дрондар қолжетімділігі шектеулі аумақтарды да қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қосымша нарядтар санын арттырмай-ақ бақылауды күшейтуге жағдай жасайды.

Еске салайық, бұған дейін Алматы полициясы қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылып жатқанын хабарлаған еді.