Алматыда энергетикалық нысандар қысқы маусымға дайындалып жатыр

Фото: Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігінің бақылауымен Алматы қаласында энергетикалық инфрақұрылым нысандары 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жалғастыруда. Бұл туралы ведомствоға қарасты Атомдық және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитетінің төрағасы Ержан Ертаевтың сапары барысында белгілі болды.

Ол «АЛЭС» АҚ-ның ЖЭО-2 станциясында жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, сондай-ақ «АТКЭ» ЖШС-нің «Премьера» және «Орбита» қазандықтарында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жобаларын қарап шықты.

Бұдан бөлек, «АЛТС» ЖШС-нің «Алмагүл-Оңтүстік» сорғы станциясына дейінгі ТК-4-2 жылу желілері учаскесінде жылу желілерін жаңғыртудың екінші кезеңі жүріп жатыр. Ерекше назар жөндеу жұмыстарының мерзімдері мен көлемдерінің сақталуына және олардың сапасына аударылды.

Кездесулер барысында энергия кәсіпорындарының өкілдерімен жылыту маусымына дайындық, технологиялық ақаулардың алдын алу, жылу және электр желілерін пайдалану кезіндегі проблемалық мәселелер мен энергетикалық жабдықтардың жұмысындағы ықтимал тәуекелдер талқыланды.

Айта кетейік, Астананы жылыту маусымына дайындау жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр.