Сұлулығы көз тартатын ағаштың көрінісімен Алматы қаласының Бас Ботаникалық бағы әлеуметтік желіде бөлісті. Бақ мәліметінше, бұл — фриман үйеңкісі. Ол Сапиндалар тұқымдасына жататын ағаш, табиғи жағдайда Солтүстік Американың шығыс бөлігінде кездеседі.
Өзі Солтүстік Американың екі түрі — қызыл үйеңкі (Acer rubrum) мен күміс түсті үйеңкіні (Acer saccharinum) будандастыру арқылы шығарылған. Жазда оның жапырақтары жасыл болса, күзде қызыл, қызғылт сары және сары түстерге боялады. Жапырақтарының түсі қанық болуы ағаштың сұрпына және ауа райы жағдайларына байланысты өзгереді.
— Фриман үйеңкісі қызыл жалындай реңкімен келушілердің назарын өзіне аударып, осы күзде бақтың ең көрікті ағаштарының біріне айналды. Ағаш америкалық ботаник Оливер Маркус Фриманның құрметіне аталған. 1933 жылы ол АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Ұлттық дендросаябағында қызыл және күміс түсті үйеңкілерді қолдан будандастырған. Бұл будан ата-аналық екі түрдің де бағалы қасиеттерін бойына сіңірген: қызыл үйеңкіден күзгі жапырақтарының қанық түсін, ал күміс түсті үйеңкіден жылдам өсу қасиетін алған. Сондықтан фриман үйеңкісі саябақтарды, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруда кеңінен қолданылады, — деп түсіндірді ботаникалық бақ мамандары.
Бұл жазбаға қала тұрғындары сүйіспеншілігін білдіріп, пікір жазып жатыр. Олардың арасында ерекше ағашты көруге арнайы баруға ниеттенгендер де аз емес.
Еске салайық, 15 қазаннан бастап Алматының Бас ботаникалық бағы қысқы жұмыс кестесіне ауысады.