Алматыда ерекше балалар оқитын мектептің қаржыландырылуы тоқтатыла ма

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда ерекше балаларға арналған жекеменшік мектебін қаржыландыру тоқтатылмақ.

Фото: Kazinform

Алматыда орналасқан «Педагог академиясы» жекеменшік инклюзивті білім беру мектебіне қатысты ата-аналар мәселе көтерді. Олардың айтуынша, шамамен 270 бала білім алатын мекемеде мемлекеттік қаржыландыру тек 120 балаға сақталуы мүмкін. Себебі жаңа талаптар бойынша үйде оқитын балалар мектептің жобалық қуатына енгізілмек. Ал мектеп директоры балаларды екіге бөліп, бір бөлігіне тегін білім беріп, екінші бөлігіне оқу ақысын ата-аналардың өздеріне төлеуді ұсына алмайтынын айтқан.

— Біздің балаларымыз үшін бұл жай ғана мектеп емес. Бұл — олардың білім алуына, әлеуметтенуіне және қажетті жағдайлар мен қолдау алуына мүмкіндік беретін орта, — дейді ата-аналар.

Аталған жағдайға байланысты Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев бейнеүндеу жасады. Оның айтуынша, басқарма мектепті жабу туралы шешім қабылдап отырған жоқ. Ал қаралып отырған мәселе — мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша белгіленген талаптардың сақталуына қатысты.

— Бұл мәселе неліктен туындады? Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметіне сәйкес, аталған білім беру ұйымында 268 оқушы тіркелген. Оның ішінде 56 бала түзету сыныптарында білім алады, ал 212 бала үйде оқитын оқушылар ретінде көрсетілген. Сонымен қатар қолданыстағы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыға сәйкес, нысан бастауыш сынып оқушыларының, яғни 1–4 сынып балаларының қысқа мерзімде болуына арналған және 60 орынға есептелген. Құжаттарды қарау барысында сәйкестендіруді және қосымша тексеруді қажет ететін бірқатар мәселелер анықталып отыр. Атап айтқанда, жекелеген оқушылардың растайтын құжаттарына және контингентті қалыптастыру жөніндегі мәліметтерге қатысты сұрақтар бар, — деп түсіндірді ведомство басшысы.

Сәкен Аралбаев білім басқармасы контингентті қалыптастырудың және қаржыландырудың заңдылығына тексеру жүргізуге бастамашылық жасағанын атап өтті. Оның сөзінше, жекеменшік мектеп басшылығы құжаттарды белгіленген талаптарға сәйкестендіруі қажет.

— Ең алдымен, мектеп қызметінің нақты жағдайларына сәйкес келетін тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу қажет. Ата-аналарға жеке тоқталып, тағы бір маңызды мәселені айрықша атап өткім келеді. Қалыптасқан жағдай мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуымен байланысты емес. Олардың білім алу немесе қажетті сүйемелдеу қызметтерін алу құқықтары шектеу туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ, — деді ол бейнеүндеуде.

Басқарма басшысының айтуынша, аталған ұйымға жақын аумақта бос оқушы орындары бар мемлекеттік мектептер орналасқан. 3 шақырым радиустағы 4 мемлекеттік мектепте жалпы саны 705 бос орын бар. Оларда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қажетті психологиологиялық-педагогикалық қолдау мәселесі жеке қарастырылмақ.

— Бұл мәселеде баланың мүддесі әрдайым бірінші орында тұруы қажет және ол қандай да бір ұйымның қаржылық немесе коммерциялық мүдделеріне тәуелді болмауы керек. Біздің міндетіміз — қандай да бір нақты жекеменшік мектепті кез келген жағдайда қаржыландыру емес, біздің мақсатымыз — әрбір баланың сапалы, қауіпсіз және үздіксіз білім алу құқығын қамтамасыз ету, — деп қорытындылады Сәкен Аралбаев.

Еске салайық, жыл басында «Педагог академиясы» жекеменшік мектебінің жабылуына қатысты мәселе көтерілген еді. Ол кезде де мектеп ғимаратының талаптарға сәйкес келмеуі сөз болған.