Әлеуметтік желіде қоғам қайраткері Жанат Қаратай Алматы әкімдігі мемлекет тапсырмаларын бұрмалап отырғанын жазды.
Оның айтуынша, биыл 27 сәуірде Алматы қаласы әкімдігінің №2/195-562 ресми қаулысын алған. Құжатта шамамен 2 гектар жерді мемлекеттік қажеттілік үшін — Алматы тау кластеріне арналған арқан жолы станцияларын салу мақсатында алынатыны көрсетілген.
- Туризм басқармасы мен Алматы әкімдігі темірбетон тіректер мен арқан жолды Қазақстандағы жалғыз инклюзивті таулы курорттан маңыздырақ деп шешкен сияқты. Олар Алматы тау кластері бағдарламасының атын жамылып, дәл осы кластердің мақсаты болуы тиіс әлеуметтік жобаны жоюға әрекет етіп отыр. Біз бұл курортты бермейміз, - деп жазды ол.
Ол бұл шешімді сот тәртібімен даулауға дайындалып жатқанын атап өтті.
Аталған шағымға байланысты Алматы қаласының Туризм басқармасы жауап берді. Ведомсто мәліметінше, «Пионер» тау курорты жабылады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және негізсіз болып есептеледі.
- Курорт аумағы Алматы тау кластерін дамыту жобасы аясында басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Жоба заманауи әрі қауіпсіз тау инфрақұрылымын қалыптастыруды көздейді. Бұл ретте инженерлік желілерді жаңарту, аспалы және басқа да жолдарды, қар көшкінінен қорғау және мониторинг жүйелерін енгізу, сондай-ақ қысқы маусымның тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жасанды қар жүйесін орнату жоспарланған, - делінген басқарма жауабында.
Сонымен қатар туризм басқармасының өкілдері балаларға, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті және бейімделген бағдарламаларды сақтау және дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті.
- Курорттың қолданыстағы инфрақұрылымы қайта жаңартуды қажет етеді және қауіпсіздік талаптарына, оның ішінде қар көшкінінен қорғау жүйесіне толық сәйкес келмейді. Осыған байланысты аумақты кешенді дамыту мақсатында заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекет мұқтажы үшін жер телімін алу көзделіп отыр, - деп түсіндірді басқармадан.
Жобаны іске асыру 2027 жылы басталады.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тау кластерін қалыптастыру, оның ішінде арқан жол станцияларының құрылысы үшін Медеу ауданы, Алма-тау көшесі бойында орналасқан 4 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынатынын жазғанбыз.