Ата-аналар қалалық білім басқармасы тарапынан ұсынылған № 15 мектеп-интернатына балаларын беруге қарсы екендерін айтып отыр.
Олардың сөзінше, № 15 мектеп-интернаты туберкулездің жеңіл түрімен ауыратын балаларға арналған. Оның екінші бөлігінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы түзету мектебі ашылмақ.
— Біз, ата-аналар, бұл шешімге үзілді-кесілді қарсымыз. Балаларымыздың денсаулығында өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан оларды туберкулез инфекциясын жұқтыру қаупі бар ортаға орналастыруға келіспейміз. Бізге басқа мектеп керек емес. Бізге өз мектебіміз — «Педагог академиясы» қажет, — делінген ата-аналар мәлімдемесінде.
Бұл жағдайға байланысты білім басқармасы жауап берді. Ресми мәліметке сәйкес, қазір барлық баланы № 15 мектеп-интернатына міндетті түрде көшіру туралы шешім қабылданбаған. Керісінше әр баланың жеке білім беру қажеттіліктерін ескере отырып, олардың білім алуын жалғастырудың бірнеше нұсқасын ұсынылғаны хабарланды.
— Ата-аналар үшін № 15 арнайы мектеп-интернатының базасында таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды. Мекеменің материалдық-техникалық базасы, балаларды оқыту жағдайлары және түзету-дамыту жұмыстарының мүмкіндіктері таныстырылды. Кейін аталған мекемеде Алматы қаласының барлық 8 ауданындағы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) мамандарының жұмысы ұйымдастырылды. Мамандар ата-аналар мен балаларды қабылдап, олардың қалауы бойынша тексеру жүргізіп, баланың жеке қажеттіліктеріне сәйкес білім беру бағыты жөнінде ұсынымдар береді, — деп хабарлады ведомстводан.
Сонымен қатар № 15 және № 7 арнайы мектеп-интернаттары арасында тиісті шарт жасалған. Оның аясында № 15 мектеп-интернатының базасында № 7 арнайы мектеп-интернатының филиалын ұйымдастыру көзделген.
— Бұл ерекше білім беру жағдайларын қажет ететін балаларға ұсынылатын нұсқалардың бірі ғана. Балалардың білім алуын жалғастыру мәселесі ата-аналармен бірлесіп, ПМПК ұсынымдары негізінде қарастырылады, — деп хабарлады басқармадан.
Сондай-ақ ведомство өкілдері № 15 арнайы мектеп-интернатында әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан балалар тәрбиеленетінін атап өтті. Атап айтқанда: аз қамтылған, көпбалалы және баланы жалғыз тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары бар.
— Мұнда балалардың туберкулезбен ауыратындары жайлы ақпарат шындыққа жанаспайды, — деп нақтылады ведомстводан.
Алматы қаласының білім басқармасы «Педагог академиясы» мектебін қаржыландыруға қатысты да түсініктеме берді. Жеке ұйымда 268 бала тіркелген. Оның 56-сы түзету сыныптарында, 212-сі үйде оқыту нысаны бойынша көрсетілген. Ал мектептің санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысында тек 60 орын қарастырылған.
— Ұйым ұсынған құжаттарды зерделеу барысында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру талаптарына сәйкес келмеуі анықталды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатындықтан, оны орналастыру тек заңнамада белгіленген талаптар толық сақталған жағдайда ғана жүзеге асырылады, — делінген жауапта.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда орналасқан «Педагог академиясы» жекеменшік инклюзивті білім беру мектебіне қатысты ата-аналар мәселе көтергенін жазғанбыз.