Алматыда еріктілерге арналған цифрлық төлқұжат енгізіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2026 жылы еріктілер инфрақұрылымын дамытуға және заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге назар аударылады.
Алматы қаласы жастар саясаты басқармасы басшысы Азиз Қажданбектің айтуынша, қазір Алматыдағы еріктілердің фронт кеңсесі 58 мыңнан астам адамды біріктіреді. 2025 жылы олар қаладағы 2 мыңнан аса іс-шараға қолдау көрсеткен.
Ведомство басшысы енді цифрлық модель аясында әрбір еріктіге оның мәртебесі, жеке статистикасы, миссиялары мен жетістіктері көрініс табатын цифрлық төлқұжаты жасалатынын атап өтті. Сондай-ақ оларға Volu-Coins атты ішкі ынталандыру валютасын енгізу көзделген. Оны жабық іс-шараларға қатысуға, брендтік өнімдер алуға және қоғам көшбасшыларымен кездесулерге пайдалануға болады.
– Үздік еріктілер қалалық рейтингке енгізіліп, стратегиялық жобаларға тартылады. Арнайы визуалды цифрлық карта еріктілер жұмысын және қалалық бастамаларға қатысу деңгейін көрнекі түрде бақылауға мүмкіндік береді, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін елімізде еріктілер қозғалысы қалай дамып келе жатқанын жазғанбыз.