Алматыда «Ерменсай» су жинағышы салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының 25 мың тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су жинағыш салынады.
Әкімдіктен мәлім еткендей, Ерболат Досаевтың тапсырмасымен биыл маусым айында Бостандық ауданына қарасты Ерменсай шағын ауданында «Ерменсай» су жинағышын салу бойынша ауқымды жобаның құрылысы басталады.
– Жаңа нысан тәулігіне 9 мың текше метр су жинайды. Жоба аясында тарату желілерінің құрылысы да көзделген. Бұл 2026 жылдың соңына дейін Ерменсай және Нұрлытау шағын аудандарының 25 мыңнан астам тұрғынын сапалы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, осылайша бұл аймақтағы көп жылдан бергі су тапшылығы мәселесі шешіледі,– деп хабарлады Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы .
Негізі Бостандық ауданының оңтүстік бөлігі, соның ішінде Ерменсай, «Алматы Су» мемлекеттік кәсіпорнының қызмет көрсету аймағына кірмеген.
Сумен жабдықтаумен жеке компаниялар – «Водснаб» ЖШС (бұрынғы «Орхан»), «Ерменсайводгаз» ЖШС және «Баур ЛТД» ЖШС айналысып келген. Алайда тұрғындар бұл ұйымдардың қызмет сапасының төмендігі мен тарифтердің жоғары болуына байланысты ұзақ жыл бойы шағымданып келеді.
Қазір «Водснаб» ЖШС-пен сот процестері жалғасып жатқанымен, әкімдік жағдайды түбегейлі жақсарту және сот шешімдерін күтпей-ақ тұрғындарды үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін нақты басқарушылық шешім қабылдады.
Жобаның негізгі кезеңдерінің бірі – әл-Фараби даңғылынан Арайлы көшесінің бойымен өтетін жаңа магистральды реверсивті су құбырының құрылысы болды. Құбыр тарту жұмыстары аяқталғаннан кейін Бостандық ауданы әкімінің аппараты тарату желілерін салады. Бұл көше бойында орналасқан тұрғын үйлер мен жеке секторды орталықтандырылған сумен жабдықтауға жылдам қосуға мүмкіндік береді.
– Келешекте бұл магистральды су құбыры жобаланған су дайындау станциясымен қосылады. Мұндай инженерлік шешім Бостандық ауданының оңтүстік бөлігіндегі сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығын едәуір арттырады әрі қала инфрақұрылымының тұрақты дамуына құқықтық және техникалық негіз қалыптастырады, – деп атап өтті басқармадан.
Осыған дейін биыл «Ақсай» су жинағыштың құрылысы аяқталатыны туралы жазғанбыз.