Алматыда ескі базар 7300 шаршы метрлік сауда үйіне айналды

АСТАНА. KAZINFORM - Алматыдағы көп контейнерлі «Тиграхауд» базары толық жаңғыртудан өтіп, 7300 шаршы метрлік «Abai Plaza» сауда үйіне айналды. Нысанды жаңғыртуға 4,5 млрд теңге жеке инвестиция салынған. Қазір сауда үйінде 55 жалға алушы жұмыс істейді.

Фото: Яндекс

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Алматы қаласының халқы және бизнес өкілдерімен кездесіп, тұрғындарды жеке қабылдады. Вице-министр халық алдында есеп беріп, сауда саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Биылғы жылдың жартыжылдығының қорытындысы бойынша Алматы қаласының ішкі саудасындағы тауар айналымының көлемі 12,3 трлн теңгені құрады. Саудадағы нақты көлем индексі 105,3%-ға жетіп, 103,9% деңгейіндегі жоспарлы көрсеткіштен асты. Алматы елдің ішкі саудасында 34% үлеске ие. Осылайша, қала сауда көрсеткіші бойынша бірінші орында.

2026 жылдың қаңтар–маусым айларында бөлшек сауда көлемі 3,6 трлн теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,6%-ды көрсетті. Бөлшек сауданың өңірдің жалпы сауда көлеміндегі үлесі 29,5%-ды құрайды.

2026 жылдың алғашқы алты айында көтерме сауда көлемі 8,6 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 106,1%-ды құрады. Көтерме сауданың өңірдің жалпы сауда көлеміндегі үлесі 69,9%-ды құрайды.

Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Сонымен қатар сауда саласындағы инвестициялық белсенділік артып келеді. 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында сауда саласына тартылған инвестиция көлемі 161,8 млрд теңгені құрады.

Өңірдің сауда инфрақұрылымында 37 сауда базары жұмыс істейді, оның 31-і әмбебап, 6-ы мамандандырылған. Сондай-ақ 12 сауда желісі жұмыс істейді, оның ішінде 7 ірі сауда желісі бар: Magnum, Small, MyMart, Toimart, Metro, Interfood және Galmart.

Бұдан бөлек, өңірде 4 457 «үй жанындағы» дүкен, 21 сауда-ойын-сауық орталығы, 29 сауда орталығы және 42 сауда үйі жұмыс істеп тұр.

Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков қаладағы сауда базарларын модернизациялау жол картасына сай жаңғыртудан өткен сауда нысанына барды. Осыған дейін көп контейнерлі «Тиграхауд» базары толық жаңғыртудан өтіп, «Abai Plaza» сауда үйіне айналған.

Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

-4,5 млрд жеке инвестицияға базарымызды жаңғыртып, қазір оны 7300 шаршы метр сауда орталығына айналдырдық. Сауда үйімізде қазір 55 жалға алушы бар. Олардың 80 пайызы бұрынғы жалға алушыларымыз, - деді «Тиграхауд» ЖШС бас директоры Азамат Шағытов.

Артынша вице-министр 1948 жылдан бері жұмыс істеп тұрған, 80 жылға жуық тарихы бар «Бахус» зауытының жұмысын көрді.

12 түрлі өнім шығаратын зауыт тек ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, алыс-жақын көрші елдерге де өнім сату тізбегін ретке келтірген. Қазір зауыттың өнімдері Ресей, Моңғолия, Тайланд, Өзбекстан сияқты елдерге экспортталады.

Айта кетейік, Ченнай қаласында өткен Қазақстан-Үндістан сауда және инвестициялар жөніндегі бизнес-форумында жалпы құны 122 млн АҚШ долларын құрайтын екі негіздемелік келісімге қол қойылды.