Алматыда ескі үйлері бұзылған 200 отбасы пәтер кілтін алды

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жыл басынан бері ескі үйде тұрған 220-дан астам алматылық жаңа пәтерге көшкен.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қоныс аудару жұмыстарын қала басшылығына қарасты «Қалалық күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС және инвесторлар «Алматы қаласының тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы - 2030» аясында жүзеге асырып отыр.

– Алматылықтар жаңа баспананы «бөлме орнына бөлме» қағидаты бойынша немесе бұрынғы тұрғын үйінің нарықтық құнына сәйкес өтемақы алу арқылы иеленді. Жаңарту бағдарламасы аясында барлық пәтер ішкі әрлеумен беріледі. Онда интернет жүргізіліп, өртке қарсы дабыл жүйесі, сантехника, газ немесе электр плитасы орнатылған, - деп хабарлады әкімдіктен.

Аудан арасында: Түрксіб ауданында – 99 адам, Алмалы ауданында – 57, Жетісу ауданында – 32, Әуезов ауданында – 20, Бостандық ауданында – 7, Алатау ауданында – 3 және Медеу ауданында – 2 адам жаңа пәтерге қоныстанды.

Фото: Алматы әкімдігі

Бағдарламаға сәйкес, көшіру және ғимараттарды сүру жұмыстары барлық меншік иелерінің келісімімен ғана жүргізіледі. Ерекше күтімді қажет ететін адамдар үшін бірінші қабаттағы немесе жеделсаты, пандус және кедергісіз қолжетімділігі бар үйлерден пәтер қарастырылған.

– Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, әсіресе каркас-қамысты үйлер мен тектоникалық жарық аймағында орналасқан ғимараттарды сүруге ерекше көңіл бөлінеді. Тұрғындар берілген баспанаға көшуден бас тартқан жағдайда ескі үйде тұра береді, бірақ қауіп-қатерге өзі жауапты болады, - деп мәлімдеді Алматы әкімдігі.

Биыл жыл соңына дейін «Қалалық күрделі құрылыс кәсіпорны» мен инвесторлардың күшімен тағы 600-ден астам адамды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

– 2030 жылға дейін қаладағы ескі үйлердің санын 1 366-дан 690-ға дейін азайтып, шамамен 7 500 меншік иесін заманауи пәтерге көшіру жоспарланып отыр, - деді «Қалалық күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС басқарма төрағасы Ринат Құрманов.

Бұған дейін Алматыда қанша ескі үй сүрілетінін жазғанбыз. 

Еске салайық, Алматыдағы ескі үйлердің 40%-дан астамы Түрксіб ауданында орналасқан.