Алматыда Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған көрме ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы музейінде Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған «Атамекен» – ел рухы» атты көрме ашылды.
Көрмеге қазақ ән өнерінің алтын қорына мол мұра қалдырып кеткен әйгілі композитор, талантты әнші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін заттар қойылған.
Атап айтар болсақ, композитордың жеке заттары мен фотосуреттері, марапаттары, сахналық костюмдері, партитуралары, музыкалық аспаптары, афишалар және отбасылық заттары тұр.
Көрменің салтанатты ашылуына Алматы қаласы мәдениет басқармасы өкілдері, зиялы қауым, өнер қайраткерлері, қала тұрғындары, достары, туысқандары композитордың жары Дарико Хасанғалиева мен ұлы Біржан Хасанғалиев қатысты.
– Ескендір Хасанғалиев тірі болса, биыл 85 жасқа толар еді. Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығын құрметтеп, осындай керемет көрме ұйымдастырғандарға ерекше алғысымды білдіремін. Халық өнер мен шығармашылықты бағалаған кезде белгілі композитордың есімі өшпейтініне сенемін, – дейді Дарико Хасанғалиева.
Қазақстанның бейресми әнұранына айналған «Атамекен» әнінің шыққанына 55 жыл.
Шара барысында көпшіліктің сұрауы бойынша, композитордың ұлы Біржан Хасанғалиев «Атамекен» әнін орындап берді.
Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиев 1940 жылы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысында туған. 1959 жылы Құрмaнғaзы aтындaғы Aлмaты мемлекеттiк консервaториясының вокaльды-хор фaкультетiн, 1978 жылы Әль-Фaрaби aтындaғы Шымкент мәдениет институтын бітірді. Өмірін өнерге арнаған Хасанғалиевтің «Атамекен», «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Ескірмеген махаббат» әндерін білмейтін қазақ жоқ.
Оның репертуарындағы авторлық туындылары ел жүрегінен ойып тұрып орын алған.Шығармашылық ғұмырында орыс, татар, неміс ақындарының өлеңдеріне де ән жазған. 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармалардың автор болды.
Еске салайық, Ескендір Хасанғалиев 2021 жылы коронавирустан көз жұмды.