Алматыда есірткіге мас такси жүргізушісі адам тасыған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда такси жүргізушісі есірткіге мас күйде көлік жүргізген.
Алматыда әкімшілік полицияның мамандандырылған батальонының қызметкерлері түнгі уақытта автокөлікті тоқтатты. Өйткені жүргізушінің әрекеті күмән тудырған. Полиция қызметкерлері оны бірден сот-медициналық наркологиялық сараптамаға жіберді.
Медициналық тексеріс жүргізушінің есірткіге мас болғанын растады. Ол сол жерде-ақ көлік жүргізу құқығынан шеттетіліп, Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
— Мас күйде көлік жүргізу заңды өрескел бұзу ғана емес, адамдардың өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекет. Әсіресе, мұндай жүргізушілер жолаушы тасымалдаумен айналысқанда, жағдай тіпті ауырлайды. Өйткені олар өздеріне сеніп мінген клиенттерге ғана емес, жолдағы барлық азаматқа қауіп төндіреді, — деді Алматы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Еске салайық, бұған дейін Астанада мас күйде көлік жүргізген судья ұсталғанын хабарлағанбыз.
Кейінірек Бас прокуратура судьяны жауапқа тарту туралы Президентке ұсыным жолдады.