Алматыда «Еуразия» халықаралық кинофестивалі салтанатты түрде ашылды

Фото: Фото: Александр Павский / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Шара көптеген мейманның басын қосты, оның ішінде атақты әртістер мен киногерлер бар. Kazinform агенттігінің фототілшісі аталған кештің шырайлы атмосферасын суретке түсірді.

Фестиваль шымылдығы салтанатты түрде ашылды. Дәстүр бойынша, қызыл кілеммен кино әртістері мен фестиваль қонақтары жүріп өтті. Мереке театрландырылған шоумен жалғасты.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Көрермендер назарына аты аңызға айналған «Қыз Жібек», «Алдар көсе», «Біздің аяулы дәрігер», «Томирис», «Менің атым қожа», «Тақиялы періште» фильмдеріндегі әндер ұсынылды. Бұл туындыларды балетмейстерлер мен каскадерлердің сүйемелдеуімен халық әртістері, опера әншілері және балалар хорының солистері орындады.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Қонақтар жасанды интеллект технологиялары арқылы жаңғыртқан аты аңызға айналған режиссер Шәкен Аймановтың даусын да ести алды. Бұл сәт кештің сәні мен ұйымдастырушылар ерекше назар аударған бағдарламаның жарқын көрінісіне айналды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Мемлекет басшысының құттықтауын ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.

«Бұл – төл мәдениетімізді күллі әлемге танытатын бірегей жоба. Биылғы байқау қазақ киносының корифейі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Кино өнері жұртшылықты жасампаздық пен жаңашылдыққа шақырады, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеп, ұлт сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ түрлі халықтың мәдени байланысын нығайтады», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Мемлекет басшысы елімізде ұлттық кинематографияны қолдауға баса мән беріліп отырғанын да атап өтті.

Фото: Александр Павский / Kazinform

«Осы саланы дамыту үшін Қазақстанда ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мамандарымыз мазмұнды әрі мағыналы картиналар түсіріп, аға буынның сара жолын лайықты жалғастырып келеді. Фильмдеріміз беделді байқауларда жүлде алып жүр. «Еуразия» халықаралық кинофестивалі шын жүйріктерді анықтап, ең үздік жобаларға жол ашады деп сенемін. Көрерменге ой салып, рухани азық болатын туындыларыңыз көп болсын!» – деді Президент. 

Өз кезегінде Аида Балаева «Еуразия» кинофестивалінің Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның мәдени брендіне айналған бірегей форум екенін атап өтіп, отандық кино саласын жүйелі түрде дамыту, заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасатынын айтты.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Шара барысында көрермендер фестиваль қазылар алқасының мүшелерімен танысты. Осы жылдың басты қонағы атақты түрік кинорежиссері, Канн кинофестивалінің бірнеше дүркін жеңімпазы, «Алтын пальма бұтағының» иегері Нури Билге Джейлан болды. 

Фото: Александр Павский / Kazinform

Нури Билге Джейланн Қазақстанға алғаш рет келгенін және үлкен әсер алғанын атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан заманауи және мәдени жағынан бай мемлекет.

«Мен фото түсірумен айналысамын. Біз қазіргі және әсем Қазақстанды тау жақтан көрдік, енді кең байтақ қазақ даласына суретке түсіріп, оны әлемге паш еткіміз келеді», - деді ол.

XVII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің директоры Айдар Омаровтың айтуынша, «Еуразия» кинофестивалі осы жылдар ішінде кәсіби киногерлерді біріктіретін ірі халықаралық алаңға айналды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Жоба Орталық Азия елдерінен ғана емес, бүкіл әлемнен келген мамандардың қызығушылығын оятты.

Фото: Александр Павский / Kazinform

«Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Франция, Қытай, Швеция, Ресей, Марокко сияқты түрлі елдердің мамандарынан құралған қазылар алқасының құрамын ерекше мақтан тұтамыз. Бұл біздің халықаралық кинофестивальдің жоғары мәртебеге ие екендігін, сол арқылы қазақ киносына, біздің кинофестивальге деген қызығушылықты дәлелдейді», - деп қосты ол.

XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өз шымылдығын қазақстандық «Бізге дәрігер керек» картинасымен ашылды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Аталған фильм отбасыға арналған туынды адамгершілік, кәсіби шеберлік және өмірде орын алатын күтпеген жағдайлар жайлы сыр шертеді. Ол көрермендерді терең сезім, әсерлі әзіл және өмірлік философияға толы ерекше әлемге жетеледі.

«Бұл музыкалық комедия бродвейлік стильдегі мюзикл жанрында түсірілген. Біз тек ән айтумен шектелмейміз. Әрбір ән сюжеттің өрбуіне үлес қосады. Осындай фильмді Қазақстанда бұрын-соңды көрген емеспін», — дейді фильм режиссері Равиль Трумов.

Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 24-30 қараша аралығында өтеді. Фестивальге 15-тен астам ел қатысып жатыр.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Ауқымды шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы ұйымдастырған.

Айта кетейік, биыл конкурс бағдарламасында үш құрлықтан келген 12 фильм ұсынылады.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Конкурс Бангладеш пен Оңтүстік Кореядан бастап, Австрия мен Катарға дейінгі елдердің туындыларын қамтиды. Еуропа, Азия және Таяу Шығыстан келген шығармашылық топтар әмбебап тақырыптар мен жергілікті контекстті біріктіретін жұмыстарды ұсынбақ.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Еске салайық, әр жылдары фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Катрин Денев, Кевин Костнер, Изабель Аджани, Пьер Ришар, Софи Марсо, Джереми Айронс, Орнелла Мути, Стивен Сигал, Сигурни Уивер, Жерар Депардье және басқа да көптеген әлемдік кино жұлдыздары болған.

Кинофестивальдің толық бағдарламасымен сілтеме арқылы таныса аласыз.