Алматыда Голан жотасынан оралған бітімгерлерге құрмет көрсетілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласы 28 панфиловшы саябағында ҚР Қарулы Күштерінің Екінші ұлттық контингентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Ұлттық контингенттің екінші құрамы Біріккен Ұлттар Ұйымының UNDOF құрамындағы бітімгершілік миссиясын Голан жотасынан сәтті аяқтаған. Олардың құрметіне Алматыда ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы, Қорғаныс министрлігінің бітімгершілік операциялар орталығының басшылығы мен жеке құрамы, бітімгершілік миссияларының ардагерлері, бітімгерлердің туыстары қатысты.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев бітімгерлерді елге оралуымен құттықтады.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— Елден жырақта, жауапты аймақта халықаралық бітімгершілік міндеттерін абыроймен орындаған жауынгерлеріміз туған жерге аман-есен оралды. Сіздер ел сенімін арқалап бардыңыздар. Қазақстанның көк байрағын биік ұстап, әскери антқа адалдық таныттыңыздар. Бітімгер болу — бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл — үлкен абырой, сонымен қатар зор жауапкершілік. Себебі бітімгершілік миссияда әрбір қадам, әрбір шешім, әрбір іс-әрекет жеке әскери қызметшінің ғана емес, тұтас мемлекеттің беделімен өлшенеді, — деді генерал-майор Мереке Көшекбаев.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Сонымен қатар ол Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы бітімгершілік қызметі жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Айтуынша, Голан биіктіктеріндегі операцияға қатысу арқылы еліміз бітімгершілік әлеуеті бар мемлекеттердің қатарынан көрінді. Одан бөлек Қазақстан әскерінің күрделі міндеттерді орындауға қабілетті екенін, әскери қызметшілердің халықаралық талаптарға сай дайындығын айқын көрсетті.

Екінші ұлттық бітімгершілік контингенттің командирі, подполковник Жәнібек Нұрланов елге оралған жауынгерлер атынан сөз сөйледі.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— Бүгінгі салтанатты іс-шара халықаралық бітімгерлер күнімен сәйкес келіп тұр. Балалардың түріне қарасаң, қуаныш білінбейтін сияқты. Бірақ мен командир болғаннан кейін оның барлығын көріп тұрамын — қуаныш әркімнің ішінде, — деді ол.

Сонымен қатар Жәнібек Нұрланов бітімгерлерге Голан жотасында қандай міндеттер жүктелгенін айтты. Оның сөзінше, сарбаздардың жауапкершілігіне БҰҰ ұжымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды эвакуациялау және алғашқы медициналық көмектер көрсету, аумақты жарылғыш заттардан залалсыздандыру міндеттері кірген.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— Біз бір жыл ішінде мыңға жуық тапсырма орындадық. Оның ішінде патрульдеу, бекеттерді орнату және жергілікті тұрғындармен қарым-қатынаста болу. Жарылғыш заттарды анықтап, оларды жою және жергілікті тұрғындарға ескерту. Біз толықтай бұл тапсырмаларды орындадық. Үшінші ұлттық контингентіне міндеттерді тапсырдық, — деді Жәнібек Нұрланов.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Еске салайық, кеше Алматыдан Қазақстанның үшінші ұлттық бітімгерлік контингентінің екінші тобы Голан жотасы аумағына аттанды.