Алматыда «Халық арена» мен «Атлетикалық ауыл» жөндеуден өтеді

Фото: ҰОК

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы басты спорт кешендерінің бірі – «Халық аренада» жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Былтыр еліміздің 5 өңірінде спорт нысандары, оның ішінде «Халық арена» мемлекет меншігіне қайтарылды. 

Кейін нысан «Алматы қаласының спорттық ғимараттары дирекциясы» ЖШС-ына сенімгерлік басқаруға берілді.

Енді спорт кешенін басқаруға алған компания «Халық Аренада» ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Тиісті лот мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланды.

Бұл мақсатта 43 467 244 теңге жұмсалмақ.

Хабарландыруда көрсетілген техникалық ерекшелікке сәйкес, мердігер қабырғалардағы жарықтарды жөндеп, сырлау жұмыстарын жүргізуге, киім ауыстыратын бөлмелер мен жуынатын бөлмелердің қабырғалары мен едендерін жөндеуге, мұзды жинауға арналған шұңқырларда гидрооқшаулауға, пандус пен баспалдақтың бетін гидрооқшаулауға және басқа жұмыстарды орындауға міндетті. Сонымен қатар мердігер ұйым жөндеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін 2 жыл мерзімге кепілдік беретін болады.

Сонымен қатар Алматы қаласының спорттық ғимараттары дирекциясы Нұркент 5/11 мекенжайында орналасқан «Атлетикалық ауылда» жөндеу жұмыстарын жүргізуге 42 841 234 теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл мақсатта бөлек лот жарияланған.

Еске салайық, Алматыда өткен Универсиада қарсаңында 2017 жылы «Атлетикалық ауыл» салынған болатын.

Бұған дейін мемлекетке қайтарылған «Алматы арена» мен «Халық аренада» қандай өзгеріс болатыны туралы жазғанбыз.