Аталған кеште «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», күйші Шәміл Әбілтаев, «ҚР Мәдениет қайраткері», күйші Мұрат Әбуғазы, «ҚР Мәдениет саласының үздігі», Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, күйші Қуаныш Жұмағали, Құрманғазы атындағы республикалық конкурстің лауреаті, күйші Нұрлан Түменбаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Талғат Әбуғазы қатарлы күйші, әншілер өнер көрсетеді.
Сонымен қатар Қызырхан Бабақұмарұлының шығармашылық кешіне Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі арнайы қатысады.
Айта кетейік, күйші, композитор, «Халық күйшісі» төсбелгісінің иегері, «Қазақ мәдениетінің қайраткері» Қызырхан Бабақұмарұлы 1959 жылы қараша айында ҚХР-дағы Алтайдың Шеміршек ауылында дүниеге келген.
Қ. Бабақұмарұлы «Күй-керуен» деген атпен 60-тан астам күйлер топтастырылған екі күй жинағының авторы. Өзінің жиырмадан астам авторлық күйлері мен бірнеше әндері бар. ҚР Ұлттық музей мұрағатына 50-дің үстінде күй, «Домбыра» телеарнасына 17 күй, «Шалқар» радиосының алтын қорына 40-тай күйді енгізіп, қазақ халқының рухани қазынасына өз үлесін қосқан.