Алматыда халықаралық мамандар тұрғын үй мен ипотека мәселесін талқылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Тұрғын үй құрылыс жинақтары: озық тәжірибе және әртүрлі өңірлердегі стратегиялық көшбасшылық» атты халықаралық конференция өтті. Екі күндік конференция Қазақстан, Еуропа және Орталық Азиядан жетекші сарапшыларды тұрғын үй саласындағы стратегиялар мен инновациялық тәжірибелерді бөлісу үшін біріктірді.
Іс-шара «Отбасы банк» бастамасымен және Халықаралық тұрғын үй қаржыландыру одағының (IUHF), сондай-ақ Еуропалық құрылыс қоғамдары федерациясының (EFBS) қолдауымен ұйымдастырылды. Мұндай конференциялар жыл сайын халықаралық одақтарға мүше елдердің бірінде өтеді. Биыл тұрғын үй саясаты мен қаржыландырудағы негізгі үрдістерді талқылау алаңын Қазақстан қабылдады.
— Алматыдағы конференция — азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуде тұрғын үй жинақ жүйесінің маңызды рөлін талқылау үшін халықаралық және өңірлік сарапшыларды біріктіруге арналған бірегей мүмкіндік. Екі онжылдықтан астам уақыт бойы «Отбасы банк» Қазақстанда «Bauspar» моделін енгізу мен табысты дамытып келеді және ол тек өңірде ғана емес, халықаралық деңгейде де үлгі көрсетіп отыр. Мен бұл конференция тұрғын үй қаржыландыру жүйелерін бүкіл әлемде нығайтуға ықпал ететін жаңа серіктестік байланыстар мен инновациялық идеялардың дамуына жол ашады деп сенемін, — деді Халықаралық тұрғын үй қаржыландыру одағының Бас хатшысы Марк Вайнрих.
Ал «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова еліміздің тұрғын үй саласындағы жетістіктерімен бөлісті. Оның айтуынша, Қазақстанда еңбек етіп жүрген әрбір үшінші азамат болашақта баспаналы болу үшін «Отбасы банкінде» жинақ жасайды. Банк күн сайын шамамен 2 500 жаңа депозит ашып, 190-ға жуық несие береді. Әлеуметтік маңызы жоғары бұл құрал елімізде 22 жылдан бері табысты қолданыста.
— Отбасы банк қазақстандықтарға жинақ жасау дағдысын үйретті. Жинақ жасау және бюджетті дұрыс бөлу азаматтарға ең маңызды мәселені шешуге — баспана сатып алуға мүмкіндік берді. Бұл отбасының қауіпсіздігі мен әл-ауқатының негізі. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі 622 538 отбасыға жаңа үйге қоныс аударуға мүмкіндік берді. 3 миллионнан астам қазақстандық өз жинақтарын «Отбасы банкіне» сеніп тапсырған және азаматтардың шоттарында 2,5 трлн теңгеден астам қаражат жинақталған. Жүйенің ерекшелігі — оны халықтың барлық топтары пайдалана алады. Қазіргі таңда экономикалық белсенді халықтың 30,9% жинақ жүйесінің қатысушылары, — деді Ләззат Ибрагимова.
Сондай-ақ ол «Отбасы банк» клиенттеріне ыңғайлы болу үшін жаңа технологияларды енгізіп, цифрлық трансформацияны жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
Айтуынша, қазіргі кезде адамдардың 78,3%-ы барлық операцияларын онлайн түрде жүргізеді. Банк мобильді қосымшасын жаңартып, оны барынша ыңғайлы және жылдам етті — оны 1,2 миллионнан астам адам пайдаланады. Сондай-ақ Отбасы банк салымшылар мен клиенттерге жедел кеңес беру үшін Quanysh-AI чат-ботын іске қосты.
Халықаралық конференцияға қатысқан «Elet Capital» микроқаржы компаниясының бас директоры Илимбек Бектеналиев өз сөзінде Қырғыз Республикасындағы тұрғын үй саласы мен ипотекалық нарыққа тоқталып өтті.
— Біз бұл жүйені өткен жылы ғана зерттей бастадық. Бұл мәселеде бізге Халықаралық тұрғын үй қаржыландыру одағы мен «Отбасы банк» көмектесіп жатыр. Микроқаржылық ұйымдардың бағыты басқа. Біз табысы мен тәуекелі жоғары несиелермен жұмыс істейміз. Бірақ жылдан-жылға бұл нарықта бәсекелестік күшейіп келеді. Сәйкесінше, бұл микроқаржылық ұйымдар үшін үлкен сын-қатер. Сондықтан әлеуеті жоғары басқа бағыттарды да зерттей бастадық. Қазақстанда ипотека ЖІӨ-нің 4,5 пайызын алатын болса, Қырғызстанда бұл сан одан да төмен. Бірақ Қырғызстанда кейінгі жылдары ЖІӨ-нің өзі өсіп жатыр. Сонымен қатар халықтың жинақтары да өсіп келеді. Өткен жылы ғана Қырғызстандағы мерзімді депозиттер 18–20%-ға көбейді. Сәйкесінше, халық саны да өсіп, тұрғын үйге сұраныс артып жатыр. Демек, бұл өте үлкен сала және біз осы нарықта жұмыс істегіміз келеді. Алдағы уақытта қаржылық модель мен ішкі платформаны анықтаған соң, шамамен бір-екі жылдың ішінде алғашқы жинақтарды қабылдай бастаймыз, — деді Илимбек Бектеналиев.
Ал «Өзбекстан ипотекасын қайта қаржыландыру жөніндегі компания» АҚ бас директоры Абдулло Кариев табысы төмен халық санатына ипотека рәсімдеу үшін Өзбекстанда мемлекет тарапынан қандай көмек түрлері бар екенін айтты.
— Бүгінгі күні ипотекалық несие беруге мемлекет 21 триллион сум бағыттап отыр. Біздің компаниямыз да ипотекалық кредиттеу нарығын қайта қаржыландырады. Бірақ бұл нарықта тағы бір негізгі қатысушы бар, ол — мемлекеттің өзі. Бұл қаражат баспасы бар не бұрын ипотека алған адамдарға емес, алғаш рет өз үй алғалы отырған халық санатына бөлінеді. Сәйкесінше, олар үшін пайыздық мөлшерлеме — 18 пайыз, бұл Өзбекстан үшін өте жақсы. Өйткені еркін нарықтағы пайыздық мөлшерлеме 24-28 пайыз арасында құбылады. Яғни, субсидия айлық табысы белгілі бір сомадан төмен халыққа бағытталады. 30 миллион сумға дейін бұл бастапқы жарнаға пайдалана алады. Көмектің екінші түрі де бар — пайыздық мөлшерлемеге субсидия жасалады. Осы екеуінің бірін адамдардың өздері таңдайды. Бірақ қазір біз мемлекетке жаңа ұсыныс жасадық — алғашқы жарнаны жинауға мүмкіндік жоқ адамдарға кепілдендірілген қор арқылы кепілдік беру. Яғни, азамат 5 пайыз алғашқы жарнаны өзі енгізеді, қалған 20 пайызына кепілдік беріледі. Бұл механизмді біз қазір іске қосып жатырмыз, тек мақұлдау ғана қалды. Осылайша, біз ипотекаға қол жеткізуі қиын халық санатына қолдау көрсетіп отырмыз, — деді ол.