Алматыда халықаралық Жастар күні қалай атап өтіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Халықаралық жастар күніне орай мегаполисте бірқатар арнайы акция жоспарланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азиз Кажденбек айтты.
Оның айтуынша, Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 695,6 мың жас тұрады.
«1999 жылдан бастап бүкіл әлемде 12 тамызда Халықаралық Жастар күні атап өтіледі. Бұл жастарға, олардың жетістіктері мен әлеуетіне арналған ерекше күн. Біздің міндетіміз – жастарға сапалы білім алуға, денсаулық сақтауға және жұмысқа орналасу мүмкіндіктер ашып, олардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасау», - деді Азиз Кажденбек.
Сондай-ақ ол бұл күні қала кәсіпкерлерімен бірлесіп 14 пен 35 жас аралығындағы жастарға арналған «Jas Almaty» ауқымды акциясын өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Іс-шара шеңберінде қоғамдық тамақтану, пайдалы демалыс саласында жеңілдіктер жасалады.
3-12 тамыз аралығында «Taza Qazaqstan», «Jas kelse. Iske!» сияқты 10 бағыт бойынша 60-тан астам спорттық, мәдени және зияткерлік іс-шаралар өтеді. «Densaulyk – zor bailyk», «Gylym tappai maqtanba», «Meyirimdilik mekeni», «Adal Azamat», «Enbek barin de jenbek», «Ystyq qairat. Nurly aqyl. Jyly jurek», «Qorgan-24», «Jasratmen birge» іс-шаралары жастар арасында шығармашылық әлеует пен салауатты өмір салтын дамытуға ықпал етеді.
Басқарма басшы Алматыда жастардың әлеуетін толық іске асыру, сондай-ақ жастарға атаулы көмек көрсету мақсатында өткен жылы 8 жастар комьюнити орталықтарының іске қосылғанын атап өтті. Орталықтардың саны 2025 жылға дейін 16-ға дейін артады.