Алматыда Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы ашылды

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы биологиялық қауіпсіздік жүйесін нығайту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған.

Алатау ауданында орналасқан нысанның ашылу рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, орталық клиникалық көмек пен ғылыми зерттеуді, цифрлық технологияны және білім беру бағдарламаларын біріктіреді. Мұнда ересектерге, балаларға және жүкті әйелдерге арналған мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.

Фото: Алматы әкімдігі

Төтенше жағдай кезінде орын саны 350-ден 500-ге дейін көбейеді. Орталықта диагностика мен емдеуден бастап күрделі зертханалық зерттеулер жүргізуге дейінгі толық цикл қамтамасыз етілген. Оның ішінде дәріге төзімді туберкулез түрлерін анықтау мен емдеу де бар.

— Қала үшін бұл орталықтың ашылуы инфекциялық қызметтің мүмкіндігін кеңейтіп, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады, — деп хабарлады әкімдіктен.

Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, бұған дейін жыныстық инфекциялардың қайсысы Қазақстанда жиі анықталатынын жазғанбыз.