Алматыда интернет-алаяқтыққа пайдаланылған арнайы жабдық тәркіленді

Фото: Фото: Алматы полиция департаменті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда интернет-алаяқтық жасау үшін қолданылған арнайы құрал-жабдық тәркіленді.

Алматы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, ҚР ІІМ КҚД, қалалық прокуратураның үйлестіруімен, сондай-ақ ҰҚК аумақтық бөлімшесі және байланыс операторымен өзара ықпалдастықта интернет-алаяқтық жасау үшін қолданылған Sim-box типтес арнайы құрал-жабдықты анықтап, тәркіледі. Жедел іс-шаралар барысында заңсыз трафик ұйымдастырған екі жас жігіт ұсталды.

– Біз телекоммуникациялық жабдықты пайдалана отырып жасалатын қылмыстық схемаларды анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатырмыз. Басты міндетіміз – заңсыз трафик арналарына дер кезінде тосқауыл қою, киберқылмыскерлердің әрекетіне бөгет жасау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Серіктес құрылымдармен өзара іс-қимыл мұндай қауіптерді тиімді анықтауға және бейтараптандыруға мүмкіндік береді, - деді Алматы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев.

Полицияның хабарлауынша, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптамалар тағайындалды.

Оқиғаның барлық жай-жапсарын және оған қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматы полиция департаменті қызметкерлері Бәйтереков көшесіндегі пәтерден Ресей Федерациясының 18 жастағы азаматына тиесілі «Sim-Box» құрылғысын, қазақстандық ұялы байланыс операторларының 300-ден астам SIM-картасын және өзге де жабдықтарды тәркілеген еді.