Алматыда инвестор 1,8 млрд теңгелік жобаға бөлінген жерді өз атына рәсімдей алмай келген

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының прокуратурасы 1,824 млрд теңгелік инвестициялық жобаны жүзеге асыратын кәсіпкердің жер учаскесіне меншік құқығын рәсімдеуіне көмектесті.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Қадағалау органының мәліметінше, «HC» ЖШС инвесторы инвестициялық жоба аясында берілген жер учаскесіне ұзақ уақыт бойы жеке меншік құқығын рәсімдей алмаған.

Аталған жоба шеңберінде 150 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

– Қадағалау органының араласуынан кейін ғана инвестор өз құқығын рәсімдеді. Қабылданған шаралар әкімшілік кедергілерді жоюға және инвестордың заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, – деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.

Прокуратураның араласуынан кейін жер учаскесіне меншік құқығын рәсімдеуге кедергі келтірген мәселелер шешілді.

Алматы қаласының прокуратурасы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда прокуратураның араласуымен құны 32,5 млрд теңге болатын «Zhetysu» көлік-логистикалық орталығының құрылысына кедергі келтірген жер мәселесі шешілген еді.