Алматыда Қабанбай батыр, Ұлықбек және Марков көшелерінің бөлігі жабылады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының бірнеше көшесінде көлік қозғалысы шектеледі.

«Алматы жылу жүйесі» ЖШС мәліметінше, Алматыда 1983 жылғы құбырды ауыстыруға байланысты Марков көшесінің бір бөлігінде қозғалыс үш күнге шектеледі. 

Атап айтқанда, 1 тамыз сағат 11:00 бастап 4 тамыз сағат 07:00 дейін Марков көшесі мен Бұқар Жырау бульварының қиылысында көлік қозғалысы уақытша жабылады. Жаңарту жұмыстарын жүргізу кезінде тұтынушыларға ыстық су беру тоқтатылмайды.

Одан бөлек Ұлықбек көшесінің бір бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарына байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. 31 шілде күні сағат 21:00-ден 1 тамыз күні сағат 07:00-ге дейін Момышұлы көшесінен Саин көшесіне дейінгі аралықта қозғалыс толықтай жабылады.

Сонымен қатар Алматы әкімдігі Қабанбай батыр көшесінің бір бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарына байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылатынын хабарлады.

31 шілде күні сағат 22:00-ден 1 тамыз сағат 06:00-ге дейін Қастеев көшесінен Қалдаяқов көшесіне дейінгі аралықта Қабанбай батыр көшесі жабылады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Пушкин көшесінің бөлігі жаяу жүргіншілер аллеясына айналатынын жазғанбыз.