Алматы қаласы сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Темірлан Жапарбектің сөзінше, осы жылдың наурыз-шілде айы аралығында қаланың 5 ауданының әкімдіктерімен бірлесіп көшкін мәселесі бойынша жиын өтті.
Онда тау бөктеріндегі елді мекендердің жай-күйін зерттеліп, нәтижесінде сел мен көшкін қаупі жоғары учаскелерде құрылыс жүргізуге тыйым салу туралы шешім шығарылды.
«Тау бөктерлерінде құрылыс салу мәселелерін шешу мақсатында ұзақ мерзімді перспективада Алматы арқылы өтетін төрт негізгі өзенде – Үлкен және Кіші Алматы, Қарғалы және Ақсай көшкін қаупі картасын жасауға бюджеттік өтінім жолданды. Жоба 3 жылға есептелген», – деді Темірлан Жапарбек.
Сонымен қатар, басқарма аудан әкімдіктерімен бірлесіп, көшкін қаупі бар учаскелерді жою үшін жобалық шешімдер дайындады.
Бұл жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталады.
Бұған дейін Ерболат Досаев Алматыда аса қауіпті 11 учаскеге байланысты шара қолданылып жатқанын айтқан еді.
Еске салайық, 8 ақпан күні Медеу ауданының «Тау самалы» шағын ауданындағы Олимпиский көшесі бойында техногендік сипаттағы топырақтың лайлануы салдарынан лай көшкіні болды.