Алматыда қалалық актив конституциялық реформаның негізгі басымдықтарын талқылады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының активімен өткен кездесуде қала әкімі Дархан Сатыбалды конституциялық реформаны іске асырудың негізгі басым бағыттарын айқындады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Іс-шараға мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, басқарма басшылары және қалалық қызметтердің жетекшілері қатысты.

Фото: Алматы әкімдігі

Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен елімізде ауқымды конституциялық реформа жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жаңа Конституция жобасы егемендік пен тәуелсіздікті нығайтуға, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, ұлттық бірлікті дамытуға және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімі құжатта адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары ретінде дамыту бекітілгенін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар азаматтардың мемлекеттік басқаруға араласу мүмкіндігі кеңейтіліп, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлі күшейтіледі, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығы мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігі артады.

Фото: Алматы әкімдігі

Қалалық мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қолдайтынын білдіріп, оның елдің одан әрі дамуы үшін маңызын жеткізді.

— Құжат азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қатысқан ауқымды қоғамдық талқылаудың нәтижесі. Жаңа Конституция жобасы қоғамның саяси жүйені жаңартуға және мемлекет пен азаматтар алдындағы әділеттілік пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға деген сұранысын көрсетеді, — деді Мейіржан Отыншиев.

Фото: Алматы әкімдігі

Кездесу соңында Алматы әкімі жаңа Конституция жобасы бойынша түпкілікті шешім республикалық референдумда қабылданатынын айтып, конституциялық өзгерістердің негізгі ережелері мен мәнін халыққа түсіндіру бағытында барлық деңгейдегі атқарушы және өкілді органның үйлесімді жұмысының маңыздылығына назар аударды.