Алматыда қалың қар жауды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 9 желтоқсан күні сағат 22:30 шамасында басталған жауын-шашын түнге қарай қалың қарға ұласты.
10 желтоқсан таңғы 07:00–дегі мәлімет бойынша қардың қалыңдығы 35 сантиметрге жетіп, айлық норманың жартысына жуықтады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, көлік қозғалысының тоқтаусыз әрі тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруы үшін коммуналдық қызмет күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге кірісті.
— Қаланы қардан тазалауға 2 728 жұмысшы мен 75 жедел бригада тартылды. Қала көшелеріне 923 арнайы техника шықты, соның ішінде 228 құрама жол машинасы көктайғақты болдырмау мақсатында арнайы қоспа себуге кірісті. Техникалардың жүрісін қамтамасыз ету үшін 22 полиция экипажы, сондай-ақ 10 эвакуатор мен манипулятор жұмылдырылды, — делінген хабарламада.
Қалада жол мен көшенің жағдайын бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік қойылған.
— Барлық коммуналдық қызмет қарды толық тазалағанға дейін күшейтілген режимде жұмысын жалғастыра береді, — деп хабарлады қала әкімдігі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жауын-шашынға байланысты коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін хабарлаған едік.