Әкімдіктің мәлемітенше, жоба аясында ағаштар мен мыңнан астам бұта егу арқылы көгалдандыру, жүргіншілерге арналған аймақтар салу, жарықтандыру жүйесін орнату, автотұрақ орындарын, автобус тұрағы мен аялдама кешендерін салу жоспарланған.
Бекеттің ішінде әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Эскалаторлар мен жеделсатылар орнатылған, желдету, бейнебақылау және өртке қарсы қорғау жүйелерімен қоса, инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары аяқталып келеді.
– Тоннельдердегі жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр: сол жақ аралық тоннель толық дайын, ал оң жақ тоннельде рельстерді түйіспесіз технология бойынша төсеу жұмыстары басталады, - делінген хабарламада.
Құрылыс нысанында шамамен 400 маман еңбек етіп жатыр. Бұл жұмысты 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы қаржыландыру бірқалыпты бөлінсе, 2026 жылдың алғашқы жартысында аяқталатынын хабарланғанбыз.
Негізі станцияны бастапқыда 2025 жылы ашу жоспарланған еді. Оның іске қосылуы тәулігіне жолаушы санын 20 мың адамға арттырады деп жоспарланған. Алайда кейін мерзім 2026 жылға шегерілді.
Сонымен қатар 2030 жылға дейін «Барлық» базарына дейін тағы үш бекет салу көзделген. Онда ірі көлік-логистикалық торап – Батыс автовокзалы, LRT және метро бекеттері бар көлік хабы құрылмақ.