Алматыда кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түсті деген күдікті ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы облыстық Полиция департаменті аталған дерек бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.
— Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстап, аудандық бөлімшеге жеткізді. ҚР Қылмыстық кодексiнің 122-бабы бойынша (Көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау, сол сияқты көрінеу кәмелетке толмаған адам көрсететін жезөкшелік қызметті, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметті алу) бойынша қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Аталған шаралардың нәтижесінде қолданыстағы заңнама аясында процессуалдық шешім қабылданатын болады, –– деп хабарлады полициядан.
Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа сүйенер болсақ, күдікті домбыра үйірмесінің мұғалімі, ал қыз 14 жаста.
Осыған байланысты облыстық білім басқармасы түсінік берді.
— Аталған жағдайға келер болсақ, бұл кісілер Алматы облысының тұрғындары емес, — деп атап өтті ведомстводан.
Осыған дейін елімізде соңғы бес жылда 18-ге толмаған 12 мыңдай қыз жүкті болғаны туралы жазған едік.