Алматыда қандай көкөністер арзандайды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мегаполисте картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат бағасы тұрақталады. Бұл туралы Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мәлім етті.

Фото: Алматы әкімдігі

«Алматы» ӘКК әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының төрт позициясын сатып алу бойынша «Magnum Cash&Carry» компаниясымен қарыз шартын жасасты. Бұл келісімге сәйкес, картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат өнімдерінің бағасы тұрақталады.

«Көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2025 жылдың 30 сәуіріне дейін жүзеге асырылады», – деп атап өтті Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан.

Фото: Алматы әкімдігі

Жалпы көлемі 10 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алынады. Көкөніс өнімдері Алматы, Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарының тауар өндірушілерінен сатып алынып, келісім бойынша аталған сауда желісі арқылы төмендетілген бөлшек бағамен сатылады. Бұл ретте сатушының сауда үстемесі 10%-дан аспайды.