Алматыда Канье Уэст концертіне арнайы автобустар жүріп, метро уақыты ұзартылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 14 тамызда Алматының Орталық стадионында өтетін Канье Уэст концертіне орай көрермендердің қауіпсіздігі мен көлік қатынасын қамтамасыз ету бойынша арнайы шаралар ұйымдастырылады.

Коллаж: Kazinform/ЖИ

Алматы әкімдігінің мәліметінше, негізгі басымдық қоғамдық көлік жұмысына беріледі. Іс-шара аяқталғаннан кейін қонақтарды қаланың алты бағыты бойынша 60 тегін шаттл тасымалдайды. Көрермендерге қолайлы болу үшін автобустар Орталық стадионнан мына бағыттарға қатынайды:

  • Алматы Арена — 10 автобус;
  • Райымбек батыр / «Алатау» метро бекеті — 10 автобус;
  • Алматы-1 теміржол вокзалы — 5 автобус;
  • «Орбита» — 5 автобус;
  • «Жұлдыз» шағын ауданы — 10 автобус;
  • Алматы халықаралық әуежайы — 10 автобус.

Сонымен қатар қоғамдық көлік пен метрополитеннің жұмысы күшейтіледі. «Байқоңыр» метро бекеті сағат 21:00–де жолаушылар үшін жабылады. Концертке келушілерге «Абай» және «Мұхтар Әуезов атындағы театр» бекеттерін пайдалану ұсынылады. Метро жұмысы кемінде сағат 01:00–ге дейін, ал қажет болған жағдайда 03:00–ге дейін ұзартылады.

Концерттің өтуіне және қауіпсіздік шараларына байланысты сағат 16:00–ден бастап Орталық стадион маңында көлік қозғалысына кезең-кезеңімен шектеу енгізіледі.

— Қауіпсіздік қызметтерінің шешімі бойынша жекелеген жол учаскелері ертерек жабылуы мүмкін. Оқиға орнында полиция департаментінің қызметкерлері кезекшілік атқарып, жол қозғалысын бақылауды қамтамасыз етеді және көлік кептелісінің алдын алуға көмектеседі, — деп хабарлады әкімдіктен.

Бұған дейін Алматыда Канье Уэст концертіне байланысты қай көшелер жабылатынын жазғанбыз.