Алматыда қапқа жасырылған қару-жарақ табылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қару мен оқ жасырылған орын анықталды.

Фото: видеодан алынған скрин

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Түрксіб ауданында қараусыз қалған ғимараттың маңынан күдікті қап табылған. Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы келген.

Қаптың ішінен сыртқы белгілері ойық ұңғылы «Сайга» карабініне және тапаншаға ұқсас заттар, сондай-ақ оқ-дәрілер – карабинге арналған 10 патрон және тапаншаға арналған 4 патрон табылды.

- Табылған заттардың барлығы тәркіленіп, сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді. Полиция қызметкерлері қарудың шығу тегін, табылған арсеналдың қандай да бір қылмыста пайдаланылған-пайдаланылмағанын және қауіпті қару-жарақтың қандай жағдайда тасталғанын анықтауы тиіс. Қазіргі уақытта кешенді жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда автокөліктен қару мен пышақ табылды.