Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, механикалық тазалау жұмысын «TOLAGAI-2050» серіктестігі жүргізді. Жобаға сәйкес, аталған жұмыстар 2023 жылдың наурыз айында бастап, қыркүйекте аяқтауға тиіс еді. Алайда аяқталу мерзімі осы жылға ауыстырылды, себебі түбіндегі лайдың қалыңдығы жобалау кезінде болжанғаннан бірнеше есе көп болып шықты (30 см орнына 100-120 см).
Сонымен қатар, ауыр техниканың өтуі үшін көлдің түбінен уақытша жол салу қажеттілігі де мерзімге әсер етті.
«Бастапқыда тазарту жұмыстарын топырақ қатқан қыс мезгілінде жүргізу жоспарланған еді. Көлді тазарту жұмыстары аяқталған соң уақытша жол лаймен бірге шығарылды. Айта кету керек, бұл жұмыс тоған тарихында алғаш рет жүргізілді. Соның нәтижесінде көлдің түбінен 53 тонна қоқыс және 10 мың текше метр лай шөгіндісі шығарылды. Сонымен қатар, су деңгейін реттеу және оның жағаға асып кетуін болдырмау үшін су ағызу құрылыстары салынды»,- деп атап өтті әкімдіктен.
Жоба қалалықтардың шағымданған бірнеше мәселесін шешуге мүмкіндік береді: бірінші кезекте, тазарту арқылы су айдынының экологиялық тепе-теңдігі мен биологиялық алуан түрлілігі қалпына келеді. Көл тұрғындар мен қала қонақтары үшін қайтадан демалуға ыңғайлы орынға айналады.
Қарасу шағын ауданының тұрғындары көлді тазарту жұмыстары үшін алғыс білдіріп, әкімнен су қоймасы маңында жаяу жүргіншілер аймағын салуды өтінді.
Алматы әкімі Ерболат Досаев өзінің тапсырмасымен спортпен шұғылдануға арналған серуендеу және белсенді демалыс аймақтарын салуды қамтитын көріктендіру жобасы әзірленетінін айтты.
Еске салайық, Қарасу көлін тазарту жұмыстары былтыр басталған еді.
Осыған дейін Сайран көлінің жағалауын абаттандыруға 4 млрд теңге жұмсалатыны туралы жазған болатынбыз.