Алматыда «каршеринг» жүргізушісі бірден 6 көлікті соқты

Фото: Фото: krisp_p_almata

Алматыда ірі жол апатынан төрт адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол апаты болған жерден түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. 

«Каршеринг жүргізушісі Абай даңғылының Өтеген батыр мен Алтынсарин көшелерінің арасында ірі жол апатын жасады», — делінеді видеода.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 22 қыркүйек түнгі 00:10-де Абай даңғылымен батыс бағытта «Volkswagen» автокөлігін жүргізіп келе жатқан 2004 жылы туған К. есімді жүргізуші тұрақта тұрған алты көлікті соққан.

«Жол апаты салдарынан төрт адам зардап шекті. Олар ауруханаға жеткізілді. Жол апатын Әуезов аудандық полиция басқармасы өндіріске қабылдады», — деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.