Алматыда кәріз желілерін дұрыс жүргізбеген мердігер лицензиясынан айырылды

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының жоспарлау және урбанистика басқармасы «AsiaMax» ЖШС құрылыс компаниясының лицензиясын тоқтатты. 

Алматы әкімдігінің мәліметінше, аталған компания Әбіш Кекілбаев көшесінде кәріз желілерін қайта жаңарту жұмыстарын жүргізген.

— Лицензияның күшін жоюға жұмыс кестесінің созылуы ғана емес, тұрғындардың наразылығын туғызған өрескел қателіктер де себеп болды. Атап айтқанда: жобалық шешімдер ауытқыған, құрылыс барысында мемлекеттік нормалар сақталмаған. Жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде нұсқама берілді және компания лицензиясынан айырылды, — деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда опырылған жол үшін мердігер жауапқа тартылды.