Алматыда кәріз жүргізген ұйым тұрғын үйлерді жарықсыз қалдырды

Фото: instagram.com/akimat_nauryzbai_audany

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда кеше «Алма сити» тұрғын үй кешенінің тұрғындары біраз уақыт жарықсыз отырды.

Наурызбай ауданы әкімдігінің мәліметінше, 22 маусым сағат 13:30–да Алтын Орда көшесінің бойында орналасқан «Алма сити 5» тұрғын үй кешенінде жарық болмады. Себебі «KZ Recycling» картон зауытына кәріз құбырын жүргізу кезінде «Global Структур» мердігерлік ұйымы 10 кВ кернеуі бар электр желілеріне зақым келтірген.

— РЭС-3 күшімен кабельді қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Қазіргі уақытта электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді, электр энергияны беру штаттық режимде жүзеге асырылады, — деп хабарлады аудан әкімдігі.

Еске салайық, бұған дейін Алматы маңында тұрғындар бірнеше күн сусыз отырғанын жазғанбыз.