Алматыда қаржы пирамидаларына қатысты 8 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Кейінгі екі жылда Алматыда қаржы пирамидасын құрып, оларға басшылық еткендерге байланысты 20-ға жуық қылмыстық іс қозғалды.

Фото: pixabay.com/Max Zolotukhin

Алматыдағы экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел басқармасының басшысы Дилар Кугабаевтың айтуынша, тергеудегі істердің аясында жалпы сомасы 8 млрд теңгеден асатын мүлікке, ақша мен цифрлық активтерге тыйым салынған. Сонымен қатар алаяқтық инвестициялық схеманың белгісі бар 2 мыңнан астам интернет-сілтеме бұғатталған.

Спикер департамент негізгі міндетінің бірі — азаматтарды күмәнді жобаларға жаппай тарту басталғанға дейін қаржы пирамидаларын ертерек анықтау екенін атап өтті. Алаяқтар салымшыларды сайт, әлеуметтік желі мен жарнамалық хабарландыру арқылы белсенді түрде тартатын интернет кеңістігіне көңіл бөлінеді. Мұндай ресурстарды анықтау үшін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі қолданылады.

— Көп табыс табамын деген үмітпен адамдар кейде бар мүлкін тігіп жатады: жалғыз баспанасын, көлігін сатады, банктен несие рәсімдейді, ірі көлемде қарыз алады. Осы қаражаттың барлығын тез байып кетуге болады деген сеніммен күмәнді жобаларға салады. Алайда біраз уақыттан кейін уәде етілген табыстың жалған екені, ал жобаны ұйымдастырушылар төлемді тоқтатып, салымшылардың ақшасымен ізін суытқаны белгілі болады. Нәтижесінде азаматтар жинаған қаражатынан айырылып қана қоймай, көбіне миллиондаған қарызға батады, — деді ол.

Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

Дилар Кугабаевтың сөзінше, қазіргі қаржы пирамидаларының сыртқы көрінісі бұрынғыдай ашық алаяқтық ұйымдарға ұқсамайды. Тартымды табыс туралы ұсыныстың артында көбіне алғашқы қатысушыларға төленетін қаражат жаңа салымшылардың есебінен қалыптасатын схемалар жасырынып жатады.

— Қазіргі қаржы пирамидалары азаматтарды тарту тәсілін үнемі жетілдіріп, заңсыз әрекетін заңды инвестициялық жоба ретінде көрсетеді. Бүгінде олар желілік маркетинг, тұтыну кооперативтері, инвестициялық платформалар, криптовалюта жобалары мен кәсіпкерлік қызметтің басқа да түрінің атын жамылып жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру керек, — деді департамент өкілі.

Маман ықтимал қауіпті инвестициялық жобаларды анықтауға көмектесетін алты негізгі белгіні атады. Біріншісі, ешқандай тәуекелсіз жоғары әрі кепілдендірілген табыс уәде ету. Егер компания салымдардың мүлдем қауіпсіз екеніне сендіріп, ай сайын ондаған пайыз немесе жылдық жүздеген пайыз пайда ұсынса, бұл — сақ болуға негіз болатын маңызды белгі.

Екінші белгі — жаңа қатысушыларды үнемі тарту қажеттілігі. Ұйымдастырушылар туыстарды, достар мен әріптестерді шақыруды ұсынып, әр жаңа адамға сыйақы беруге уәде етеді. Алайда төлемді компанияның нақты табысынан емес, кейіннен қосылғандардың ақшасынан беруі мүмкін.

Үшінші күмәнді белгі — әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жарнама. Пайдаланушыларға қаржылық тәуелсіздік, жоғары пассивті табыс және шетелдік инвестициялық жобалар арқылы ақша табуды ұсынады.

Төртінші белгі — қажетті лицензиялар мен ұйым туралы ашық ақпараттың болмауы. Бесіншісі, толыққанды келісімшарттың болмауы. Ақша ешқандай құжатсыз қабылдануы немесе компанияның нақты міндеттемесі, қаражатты қайтару шарты мен тараптың жауапкершілігі көрсетілмеген келісімге қол қоюды ұсынуы мүмкін.

Алтыншы қауіпті белгі — ақша қабылдау тәсілдерінің ашық болмауы. Әлеуетті салымшыларға қаражатты жеке тұлғалардың банк шоттарына аудару, қолма-қол беру немесе операцияның заңдылығын растайтын құжаттарсыз криптовалюта түрінде жіберу ұсынылады.

Дилар Кугабаев қаржы пирамидасының қызметіне тап болған азаматтардан құқық қорғау органдарына дереу хабарласуды сұрады. Алматы қаласындағы департаменттің мекенжайы: Жібек жолы даңғылы, 127. Сенім телефоны: 279-29-56.

Еске салайық, елордада пайызсыз несие ұсынып, 562 млн теңге пайда тапқан қаржы пирамидасының ісі сотқа жолданды.