Ұйымдастырушысы – Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы. Конкурсқа өтінімдер «Электрондық үкімет» веб порталында орналасқан, «Kezekte.kz» ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады.
«5 млн теңгеге дейінгі мөлшердегі өтеусіз негізде мемлекеттік гранттар «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері болған әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне, шағын және орта кәсіпорындарға беріледі. Конкурстың жалпы бюджеті - 500 млн теңге»,- деп атап өтті Алматы әкімдігінен.
Конкурстық құжаттама 2024 жылдың 14-18 қазан аралығында қабылданады.
Ұйымдастырушылар аталған мерзімнен кешіктіріліп түскен тапсырыстар қабылдауға алынбайтынын ескертеді.
Байқаудың мақсаты-әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдау және қалада шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту.
Осыған дейін, Алматыда стартаптар мен IT экожүйесін дамыту жобасы аясында жыл басынан бері 2,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 217 жаңа жұмыс орны құрылғаны туралы жазған едік.