Алматы экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаевтың айтуынша, тарифті түзету қажеттілігі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты туындаған.
– Тарифтің өзгеруі қосылған құн салығының (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға дейін өсуіне ғана байланысты. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтерінің ақысын төлеуде жеңілдіктер қарастырылған, - деді Серік Әділбаев.
Оның айтуынша, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесінің ұлғаюын көздейтін салық заңнамасындағы өзгерістер күшіне енді. Бұл қалдықтарды басқару саласындағы қызметтердің өзіндік құнына әсер етті.
Тарифке енгізілген түзетулер тек ҚҚС мөлшерлемесінің өсуіне байланысты жасалды. Тарифтің қалған құрамдас бөліктері өзгеріссіз қалады. Соның нәтижесінде тариф шамамен 3,6% өседі.
Сонымен қатар шешім жобасында азаматтардың кейбір санаттарына әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған:
• Ұлы Отан соғысының қатысушылары қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметінің ақысынан толық босатылады;
• Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға, бала кезінен мүгедектігі бар азаматтарға, ерекше қажеттілігі бар балалар мен жетім балалардың ата-аналарына және заңды өкілдеріне 50%-дық жеңілдік беріледі;
• II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне 25%-дық жеңілдік қарастырылған.
Алматы мәслихатының депутаттары бұл шешім жобаны қолдады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада электр энергиясының тарифін көтеру мәселесі қоғамдық тыңдауда қаралғанын хабарлаған едік.