Алматыда қатты желден университет ғимаратының шатыры құлады

Фото: Видеодан алынған скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда кеше кешкі уақытта жел болды. 

Әлеуметтік желіде шатыры құлаған ғимараттың бейнежазбасы тарады.

Оқиға бойынша Нархоз университетінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

Ресми жауапқа сәйкес, 19 маусым күні кешке Алматы қаласында ауа райының күрт нашарлауына және қатты желге байланысты Әуезов ауданында орналасқан Нархоз университетінің 5 қабатты ғимараттың шатыры ішінара қираған.

— Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Университет тарапынан оқиғаның салдарын жою бойынша жедел шаралар қабылданды. Екі автокөлік зақымданды. Университет залалды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деп хабарлады ЖОО баспасөз қызметі.

Еске салайық, Павлодар облысында дауылдан бір адам қаза тауып, ондаған нысан зақымданды.